Түркістан облысында үйлері суға кеткен ауыл тұрғындары өз күштерімен бөгет тұрғызған

Түкістан облысы Мақтаарал ауданына қарасты Нұрлы жол ауылының тұрғындары суды өз күштерімен бөгепті. Төтенше жағдай қызметінен көмек келгенше, олар биіктігі 1,5 метр болатын бөгетті өздері тұрғызыпты. Ал, қызыл суда қалған аумақтарда жұмыс қызған. Қазіргі таңда 500 отбасына арналған жаңа шағын ауданның құрылысы да басталып кеткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап.

Мақтаарал

Мырзакент ауылында 500 отбасыға арналып салынатын тұрғын үйлердің құрылысы басталыпты.Бұған қоса мектеп, балабақша секілді әлеуметтік нысандардың құрылысы жоспарланыпты. Жеңіс, Жаңа тұрмыс, Достық елді-мекендерінің тұрғындары жайғасатын жаңа шағын ауданның құрылыс жоспарымен Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттерінің премьер-министрлері танысып қайтты. Үкімет басшылары қызыл су кірген өзге де ауылдардағы қираған үйлерді қалпына келтіру жұмыстарын да тексеріп, жергілікті халықпен кездесті. Тұрғын үйлердің құрылысы тамыз айында аяқталатын көрінеді. Құрылыс жұмыстарына екі елдің де мамандары жұмылдырылыпты.

Бүгінгі күні Мақтааралда тасқынның салдарын жою жұмыстары қызу қарқынмен жүргізілуде. ал болашақта мұндай жағдай қайталанбас үшін жергілікті халық қолдарынан келгеннің бәрін салуда. Осыған орай 130 отбасы тұратын бар елді-мекеннің ер азаматтары биіктігі 1,5 метрлік бөгетті төтенше жағдай қызметін күтпей-ақ өздері тұрғызыпты. 

"Егер бөгетті бұлар салмағанда сол елді мекенді су басып кететін еді, бізді сақтап қалды. Бір жеңнен қол шығарып, бір жағадан бас шығарып, бәрі ұйымшылдықпен ауылды құтқарып қалды ғой. Енді басқа бөлімшелерді де ертерек жан жағын қоршап кіргізбеуге болатын еді", - деді Мақтаарал ауданының тұрғыны Әбдіғаппар Қазақбаев.

Зардап шеккен халыққа жәрдем ретінде «Nur Otan» партиясы да 40 тоннадан астам гуманитарлық көмек жеткізіпті.

 "40 тонна азық-түлікті 1,5 мың отбасыға арнайы себеттерге салынып осында жіберілді. Сол заттарды «Жас Отан» жастарымен арнайы жеткіздік. Біз мақтааралдықтармен біргеміз. Осы қиыншылықтың бәрін бірге еңсереміз деген ойдамыз. Қазіргі таңда халқымызға, елімізге сабыр керек. Екіншіден біріге білуіміз қажет", - деді "Nur Otan" партиясы «Jas Otan» ЖҚ жетекшісі Елнұр Бейсенбаев.

"Бұл 1,5 мың тұрғынға есептелген. Әр азаматқа 25-30 келі көлемінде тиесілі болады. Сондықтан да партия қазіргі уақытта осы гуманитарлық көмекті ұйымдастыру, халықпен тікелей байланысып жұмыс істеу және аталған көмектерді осы отбасыларға, эвакуациялық пункттерге жеткізу жұмыстарымен партия тікелей айналысып отыр", - деді Бейсенбай Тәжібаев, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.

Мақтаарал ауданында арнайы ашылған қоймаларға 250 тонна азық-түлік пен қажетті заттар жиналыпты. Соның 70 тоннасы таратылып үлгердік деді партия өкілі. Мұндай көмек туыстарының үйін паналағандарға да беріліп жатыр. Айта кетерлік жай, демеушілер тарапынан зардап шеккен әр отбасыға 1 мың долларлық ақша сертификаты да табысталған болатын.


 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр