Түркістан облысында сотталғандар өздеріне қасақана дене жарақатын салды
Түркістан облысындағы қауіпсіздігі барынша жоғары ИЧ 167\ 9 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан 6 сотталушы өздеріне өздері дене жарақатын салған. Олар осы әрекеттері арқылы мекеме әкімшілігіне наразылықтарын білдірмек болыпты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі АстанаТв арнасына сілтеп хабарлайды.
Облыстық қылмыстық -атқару жүйесі департаментіндегілердің мәліметінше қамауда отырғандардан тінту жұмыстары кезінде пайдалануға тиым салынған заттар табылып, тәркіленген. Жазасын өтеп жатқандар соларды қайтаруды талап еткен.
"Оларға колония қызметкерлері дереу медициналық көмек көрсетті. Денсаулық жағдайы қанағаттанарлық, ауруханаға жатқызуды қажет етпейді. Аталған сотталғандар кісі өлтіру, қарақшылық және есірткі саудасы үшін жазаларын өтеуде. Олар мекеме әкімшілігінің заңды әрекеттеріне теріс көзқараспен қарайды және түзелу жолына түскісі келмейді", - дейді Түркістан облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ресми өкілі Сәбит Сопиев.
Департаменттегілердің дерегінше, оқиғаның бастамашысы есірткі құралдарын заңсыз сақтап, дайындағаны үшін он жылға сотталған 28 жастағы жазасын өтеуші. Қазір мән -жайды анықтау үшін арнайы тексеру жұмыстарын бастаған. Айта кетейін, қазір ИЧ-167/9 мекемесінде ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған үшін жаза арқалаған 485 адам отыр.