Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"20-25 млн салғандар бар": Түркістан облысында қаржы пирамидасынан опық жеген тұрғындар полицияға ағылып жатыр

Түркістан облысының Мақтаарал, Жетісай, Шардара ауданындағы қаржы пирамидасынан опық жеген мыңдаған адам жаппай полицияға ағылып келіп жатыр. Шағым берушілер "отандық өнім сатумен шұғылданатын табысты компаниямыз" деп өздерін жарнамалағандарға сеніп, пайда табу мақсатында қомақты қаржы құйғанын айтады. Ақырында баспанасын сатып миллиондап қаржы құйғандар да, несие алып қарызға батқандар да алданып қалғандарын білген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.

Соңғы кездері Мақтаарал аудандық полиция бөліміне жалған пирамида құрғандарға алғандық деп арызын арқалай келгендер саны күрт артқан. Осылай сан соғып қалғандар көршілес аудандар мен Шымкент қаласында да жетерлік. Өкініштісі сол, басындағы жалғыз баспанасын саудаға салып, пайдаға кенелемін дегендер қазір көз жасына ерік беріп жүр. 

"Алдады ғой бізді. Өзіміздің қазақ, Қазақстаннан шыққан. Индиго, кассалық аппарат деп. Шын айтқанда халық оны білмеді, халыққа басқа жарнама жасады. Ол қаржы пирамидасы болып шықты", - деді тұрғын Бижігіт Кумишев.

"2 миллионнан бастап, барып 10 млн, 20-25 млн құйғандар бар бұған", - деді тұрғын Мұрат Еспанов.

Шағым берушілер pардап шеккендердің саны 1000-нан асады дейді. Ал облыстық полиция департаменті жалған пирамида құрғандардың үстінен іс қозғап, тергеу бастағанын жеткізді. 

"Тек Мақтаарал ауданы емес, Жетісай, Шардара аудандары және Шымкент қаласында да іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу асқармасының өндірісінде", - деді Мақтаарал аудандық полиция басқармасының аға тергеушісі Кенжехан Асылбек.

Полиция басшылығы сонымен қатар компания басшылары қамауға алынғанын айтты. Полиция ғимаратының алдына жиналған жұрт жаппай Дүрия Мүтәліпова есімді жеті лидердің бірінің үйіне қарай беттеді. Көпшілік оған кінә артса, ол ақталумен болды.

"Мен ешкімнен ақша санап алған жоқпын, санап алған адамдарыңды тауып алыңдар. Мені лидер деп танығаннан кейін Айгүлге апарғаным рас", - деді Дүрия Мүтәліпова.

Халық компания басшылығынан өзге 7 белсендіге де шағым беруді бастады. 

Талқылау