Түркістан облысында ер азаматтың өз балаларын аяусыз ұрып соққаны видеоға түсіп қалды
Түркістан облысында балаларын аяусыз ұрып соғып жатқан ер азаматтың әрекеті жұртты шошытты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бейнежазба Жазира Бегалы есімді желі қолданушысының әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған.
"Мына кадрларды көру мүмкін емес. Отағасы Ержан Дауырбаевтың жуан жұдырығынан қорғансыз ұлдарын, әйелін кім қорғайды? Полиция екі рет жәбірленушінің арызын неге қабылдамай тастаған? ІІМ учаскелік полицияның арызды қабылдамауға құқығы бар ма?" - деп жазыпты ол.
Аталған оқиғаға байланысты жергілікті ПД пікір білдірді.
"Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Түркістан облысы Полиция департаментінің полицейлері белгісіз ер адамның кәмелетке толмаған баланы ұрып-соғып жатқан бейнежазбасын анықтады. Тексеру барысында оқиғаның Қазығұрт ауданында болғаны айқындалды. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 110-бабы бойынша тіркеді. Күдікті азамат заңды түрде жауапқа тартылатын болады. Сонымен қатар, аудандық учаскелік полиция инспекторына қатысты қызметтік тексеру жүргізілуде. Қазіргі уақытта аталған жайттың толық мән-жайы анықталуда", - делінген ресми хабарламада.