Түркістан облысында егде жастағы екі ер адам 14 жастағы қызды зорлаған
Түркістан облысында 14 жастағы қыз зорлықтың құрбаны болған. Жасөспірімді егде жастағы екі ер адам зорлаған. Бұл туралы "НеМолчи.KZ" қоғамдық қорының жетекшісі Дина Таңсәрі жазды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Бәйдібек ауданы Боралды ауылының тұрғындары қоғамдық қорға қыздың видеосын жіберген. Кадрдағы 14 жастағы жасөспірім екі ер адамның өзін зорлағанын айтады. Қыз елордадан анасымен бірге қонаққа келген. Көршілерінің айтуынша, жасөспірімді зорлады деген күдіктілер оның анасымен полицияға шағымданбау туралы келісіп алған.
"Әйел келіп, ол қызды тауып, видеоны қосады. Оған сұрақ қоя бастаған кезде қыз бәрін көрсете бастайды. Қыздың менталды ауытқушылықтары бар екені көрініп тұр, сырт көзге де 14 жастағы қызға ұқсамайды. 10 жасар сияқты. Бәрін көрсетіп, тіпті шешінуге дейін барады. Үстіндегі киімін шешеді. Ал видеоны түсірген әйел: "Шешпе, тек көрсетсең болды", – дейді. Яғни бала не істеп тұрғанын өзі түсініп тұрған жоқ. Оның осы жағдайын пайдаланып, зорлаған деп ойлаймын. Нағыз шалдар. Ол әйелдің айтуынша, шашы ағарған еркектер", – дейді Дина Таңсәрі.
Түркістан облыстық полициясы аталған факті бойынша "кәмелетке толмағандарға азғындық жасау" бабы бойынша іс қозғалғанын хабарлады.
"20 тамыз күні Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны екі ер адамның кәмелетке толмаған қызға қатысты азғындық әрекеттер жасағанын хабарлады. Сол күні аталған факті Бәйдібек аудандық полициясында Қылмыстық Кодекстің 124-бабы, 1-тармағы бойынша (Жас балаларды азғындық жолға түсіру) тіркелді. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүруде. Бірқатар сараптамалар тағайындалды. Соның нәтижесімен заңды процессуалды шешім қабылданады", – деп хабарлады Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметі.
Қоғам белсенділері істі бақылауға алу өтінішімен облыстық прокуратураға, балалар құқығын қорғау бойынша комитет пен ІІМ-ге жүгінді.