Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында балабақша қызметкерлері наразылыққа шықты

Түркістан облысында балабақша қызметкерлері наразылыққа шықты,  деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Олар заң бойынша төлемдерінің берілуін талап еткен. Мектепке дейінгі ұйымдардың қызметкерлері жалақының аздығына және төлемнің кешігуіне шағымданды.

Наразылық білдіргендердің ішінде тіпті жеке кәсіпкерлер де бар көрінеді.  

“Түркістан облысы педагогтер ел бойынша бала саны көп аймақ екенін айтты. Олар бала санының артуы салдарынан 60 мың теңге жалақының оларды қарауға, қамтамасыз етуге және тәрбиелеуге жетпейтінін мәлімдеген. Сонымен қатар қызметкерлер жыл соңында жалақыларын ала алмай қалатын кездері болатынын да айтады”, – деп мәлімдеді әкімдіктің баспасөз қызметі.

Оқиғаға қатысты білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі де мәлімдеме жасады. 

"Аймақтардың басым көпшілігі бекітілген әдістемеге сәйкес балабақшаларға мемлекеттік тапсырыстарды жергілікті бюджеттер есебінен бөлуді қамтамасыз етеді. Алайда, жергілікті бюджетте қаражаттың болмауына байланысты Түркістан облысының әкімдігі өтініш берді. Қарызды өтеуге республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлу мәселесі қарастырылуда", - дейді білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Мөлдір Әбдуалиева.

Аймақта бірнеше жыл бойы бұл мәселе туындағаны белгілі болды. Түркістан облысындағы балабақшаларды қамтуға тиісті деңгейде қаржы бөлінбейтін көрінеді. 

2017 жылы білім және ғылым министрі жан басына қаржыландыру жайлы заң қабылдаған болатын. Осыған байланысты мемлекеттік бюджеттен мектепке дейінгі мекемелерге трансферттер бөлініп келеді. Бұрын бір орын үшін 19 354 теңге бөлінсе, қазір бұл сома 30 150 теңгеге өскен. 

2017-2019 жылдары трансферттің жалпы көлемін анықтау кезінде мектепке дейінгі мекемелер үшін 79,3 миллиард теңге бөлу жоспарланғанын түсіндірді. 2017 жылы бұл қаржының 24,1 млрд теңгесі  105 902 балаға, 2018 жылы 26,2 млрд теңгесі 113 402 балаға, 2019 жылы 29 млрд теңге 129 987 балаға арналған.  

Әр балаға 19 354 теңге бөлінген. Алайда министрдің 2017 жылы 27 қарашадағы №597 заңына байланысты тұрғылықты мекенжайы бойынша жеке басты қаржыландыру саясаты негізінде бір балаға қалада 37 527 теңге, экологиялық аймаққа теңестірілген қалада – 45 449 теңге, елді мекендерде – 41 053 теңге, экологиялық аймаққа теңестірілген елді мекендерде 48 975 теңгеден келуі тиіс.

Қазіргі уақытта Түркістан облысы әкімдігі білім және ғылым министрлігіне қажетті 26,5 млрд теңгенің есебін ұсынды. Бұл 2021 жылы жеке басты қаржыландыру әдісін ретке келтіру үшін қажет. 

Бұл туралы Түркістан облысы әкімі орынбасарлары Сәкен Қалқаманов мен Арман Сәбитов мәлімдеген. 

“2017-2019 жылдары трансфертті есептеу кезінде жаңа әдіс есепке алынбаған. Әкімдікте қосымша 26,5 млрд теңге жетпейтінін, оның ішінде 23,5 млрд жаңа әдіс бойынша қаржы төлеуге және 3 млрд теңге кезекте тұрғандарды қамтуға арналғанын айтты. Аталмыш мәселені шешу үшін облыс әкімдігі, сенат және мәжіліс депутаттары 2017 және 2019 жылдары билікке және салалық министрлікке хат жолдаған екен. Сонымен қатар премьер министр қаңтар айындағы іссапары кезінде жаңа заң жобасы негізінде қаржы бөлу мәселесін шешу тапсырмасын берген. Алайда бұл сұрақ өз шешімін әлі таппаған”, – деп мәлімдеді Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Талқылау