Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында аурухана былығын әшкерелеген хирург жұмыстан қуылды

Түркістан облысы, Келес аудандық ауруханасының хирургі әлеуметтік желідегі жазбасы үшін жұмыстан қуылды. Онда Қайрат Сейдуалиев ота жасауға берілген қолғаптардың сапасыз екенін айтқан. Қызу талқыға түскен видеодан кейін, 10 жылдық тәжірибесі бар маман қызметінен кеткен,  деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

дәрігер

"Аурухананың заңгері, аурухананың кәсіподақ басшысы мен төрағасы, олардың мүшелері – 10 шақты адам маған қарсы хаттама түзіп, мені осылай бұйрық шығарып, үш минуттың ішінде қолыма бұйрықты әкеліп берді. Менің өмірімнің барлығы ота жасау бөлмесінде өткен. Мен жас маманмын. Мен "Дипломмен – ауылға" деген бағдарламамен ауданға келгенмін", - дейді Қайрат Сейдуалиев.

Ал хирург сынға алған аурухананың бас дәрігері өздеріне шаң жуытпайды. Қайрат Сейдуалиевтің жұмыстан босатылуына бірнеше себеп болғанын алға тартты.  Алайда айдан-анық дәлелдері жоқ. Тек науқастар тарапынан түскен арызға байланысты "арнайы комиссия осындай шешім қабылдады" деген жауаппен шектелді. Ал видеодағы қолғаптың сапасыздығы туралы ақпарат жалған әңгіме екеніне сендірді.

"Емханада себепті және қолғаптар размерімен бола тұра, емхана меңгерушісіне және аға мейірбикеге талаптама бермей немесе өзі барып сұрамай, өзінің жеңіл мінезімен видеоға түсіріп салып жіберген", - деді Келес аудандық ауруханасының бас дәрігері Аида Бексұлтанова.

Дегенмен, көп уақыт өтпей Қайрат Сейдуалиев қайта жұмысқа кірді.

Оtyrar.kz-тің жазуынша, енді ол Сарыағаш ауданының орталық аудандық ауруханасында қабылдау бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істейді.

"Ұсыныс Сарыағаш ауданының орталық аудандық ауруханасының бас дәрігерінен келіп түсті. Қазіргі күрделі жағдайда кадрлар алтынның салмағына тең. Қайрат Сейдуалиев жұмысқа кірісті", - деді Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіндегілер.

 

 

Талқылау