"Сотты сатып аламыз": Түркістан облысында аса қатыгездікпен өлтірілген оқушы қыздың өліміне қатысты сот басталды
Түркістан облысында аса қатыгездікпен өлтірілген оқушының өліміне қатысты сот процесі басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото бейнежазбадан алынды
Аружан Орынбайды өлтірді деген күдікпен 18 және 19 жастағы екі жігіт айыпталып жатыр. Бірі ауылдың экс-әкімінің , екіншісі ауылдағы ауқатты отбасының ұлы.
Жаға ұстатарлық жағдай Төрткүл ауылында биыл сәуір айында болған. 9-сыныпта оқитын Аружанды 11 сынып оқушысы мен 19 жасар ауылдасы жалаңаш фотоңды жариялаймыз деп, миллион теңге талап еткен. "Фотодағы қыз мен емес, сендерді ағам айтып беремін" дегенде екі қаскөй 15 жасар қызды бірнеше мәрте пышақпен ұрып, денесін суға ағызып жіберген. Сот енді басталғанымен, Аружанның жақындары ауқатты отбасынан шыққан сотталушылар жазадан құтылып кете ме деп уайымдап отыр.
“Төлеп дегенің экс әкімнің баласы, ал екінші Бейбарыс деген ауқаттының баласы. Ауылдан естіп жатырмыз. Бес адвокат жалдаған. "Прокуратураны да, сотты да сатып аламыз" деген әңгімелер естіп жатырмыз ауылдан. Мен талап етемін, соттың да әділ өткенін қалаймын”, – дейді марқұмның анасы Динара Зілғараева.