Түркістан облысында аңға шыққан мұғалім бір аптадан бері іздестірілуде
Түркістан облысында мектеп мұғалімі бір аптадан бері іздестірілуде. Ол досымен аңға шығып, кері үйіне оралмаған деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Фото: Оtyrar.kz
Мектеп мұғалімінің бір аптадан бері іздестіріліп жатқанын Оtyrar.kz жазды. Дерекке сүйенсек, Нұрлан Аймаханов досымен бірге аңға кеткен. Бірақ соңы қайғылы жағдайға жеткізіп отыр. Досының айтуынша, ол өзен жағасындағы қамысқа кіргеннен кейін ұшты-күйлі жоғалған көрінеді.
“Біз Нұрланға қоңырау шалғанымызда ол әлсіреп кеткенін айтты. Мылтық шүріппесін бас, қайда екеніңді білейік деп өтінген ек, ол шамасының жетпейтінімен түсіндірді. Кейін қолыңдағы шамды жақ дегенге де көнбеді. Сендерді көріп тұрмын деді де, телефон тұтқасын қоя салды. Содан байланыс үзілді”, - дейді Думан Ұласхан.
Артынша жақын маңдағы ауыл халқы жиналып, оны іздеген. Жүзге жуық адам сол төңіректі қанша сүзіп шықса да, таба алмапты. Тіпті су деңгейін түсіру үшін тұрғындар өзен басын жапқан. Сонда да нәтиже жоқ.
Қазіргі уақытта аудандық және облыстық құтқарушылардан құралған 82 адам күндіз-түні дене шынықтыру пәні мұғалімін іздеуде. Десе де бұл іске әке көңілі толмай отыр.
“Уақыт өтіп жатыр. Ал сүңгуірлер әрекетінен нәтиже шығар емес. Қазір екеуі ғана жұмыс істеп жүр. Оның өзінде оттегі баллоны жарты сағатқа ғана жетеді. Шынын айтсам, оларға көңілім мүлде толар емес. Адам қарай алатын тұсқа сүңгиді. Ондай жерді өзімізде көре аламыз ғой”, - деп күйініп отыр Тұрдыбек Таңсық.
Құтқарушылар болса іздеу жұмыстарына күн райы қолайсыз екенін айтып ақталуда.
Талқылау