Түркістан облысындағы 5 жасар қыздың өлімі: Сот өз еркімен қызметінен кету туралы өтініш берді
Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының төрағасы Нұрқазы Шетенов Жоғарғы Сот Кеңесіне өз еркімен қызметінен кету туралы өтініш берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сот ауылдасын балтамен ұрып, денсаулығына ауыр зиян келтірген тұрғынға 3 жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарған. Оның бұған дейін кісі өлтіріп, 10 жыл түрмеде отырғаны ескерілмеген. Алайда педофил шілде айында 5 жасар қызды аяусыз зорлап, өлтірген еді.
Ал қыздың ата-анасы қылмыскер мамыр айында бостандыққа шықпағанда қызы тірі болар еді деп есептейді.
Еске салайық, күні кеше педофил өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Оған мәжбүрлі химиялық кастрация жасалады. Сонымен қатар сот баланың өліміне кінәлі адамды қыздың ата-анасына 100 миллион теңге көлемінде моральдық шығын өндіруге міндеттеді.
Сотталушының өзі үкіммен келіспей, жеңілірек жаза сұрады.
Еске салайық, 2023 жылдың шілде айында Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тұрғыны бес жасар қызының жоғалып кеткені туралы арызбен полицияға жүгінген. Ауыл тұрғындарының бірінің үйінен дене жарақатын алған қыздың мәйіті табылды. Бұл қылмыс бүкіл елді дүр сілкіндірген еді.