Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында 5 жасар қызды өлтірген педофилге жеңіл жаза берген судья қызметінен босатылды

Түркістанда облысында 5 жасар қызды өлтірген педофилге жеңіл жаза берген судья қызметінен босатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото ашық дереккөзден алынды

Жоғарғы соттың мәліметінше, сот жюриінің отырысында Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының судьясы Нұрқазы Шетеновтың ісі де қаралған.

“Шетеновке қатысты тәртіптік істі қарау қорытындысы бойынша судья қызметінен босату түріндегі жаза қолдану туралы қаулы шығарылды", – деді Астана қаласы бойынша сот әкімшілігі департаментінің басшысы Елдос Жұмақсанов.

Жаза қолдануға азаматтық және қылмыстық істерді қарау кезінде заңды өрескел бұзу, сондай-ақ судья этикасына қайшы келетін ұятты әрекет жасауы негіз болған.

Отырыс барысында Шетеновтан бөлек Алматы облысы аудандық сотының судьясы да қызметінен босатылды. Ақтөбе облыстық сотының қызметкері ескерту алды.

Сот жюриінің қаулылары заңды күшіне енген жоқ, өйткені тәртіптік жазаға тартылған судьялар оларға жоғарғы сот кеңесіне шағымдануға құқылы.

Еске салсақ, бұған дейін, Сарыағаш аудандық сотының төрағасы Нұрқазы Шетенов педофилге жеңіл жаза беруіне қатысты даудан кейін басшылық қызметінен босатылып, сот судьясы ретінде қызметте қалғаны туралы жазған болатынбыз.

Талқылау