Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тұрғындар осымен күн көреді": Түркістан облысында насыбай өндіретін цехтар жабылған соң ауыл халқы түгел жұмыссыз қалды

Насыбай өндіретін цехтар жабылғандықтан, ондаған шаруа шығынға батып, ауыл халқы жұмыссыз қалған. Себебі аудан жұртының 80%-ы нәпақасын насыбай арқылы табады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

насыбай

Сюжеттен скриншот

"Миллиондаған теңгенің шикізаты мен құрылғысы шаң басып тұр" деп шырылдаған кәсіпкерлер жергілікті биліктен көмек сұрады. Айта кетейік, насыбайды сатуға және өндіруге 2015 жылдан бері тыйым салынған. Бірақ президенттің мәлімдемесінен кейін ғана жаппай тексерістер басталды.  

Насыбай шығарумен айналысатындардың бірі – аудан тұрғыны Дәурен Балтабаев. Бірақ бұл өнім қазір кәсіпкердің қоймасында тау болып үйіліп тұр. Шетелден қыруар қаражатқа алдырған пакет пен пластик құтылар да қоқысқа айналған. 

"Бұның бәрін Өзбекстаннан алдырғанбыз. Кемінде 1 миллион теңге қаражат кетті. Насыбайға тыйым салды. Енді бұның бәрін не істейміз? Бәрі қоқыс болып жатыр. Аудан тұрғындарының 80-90%-ы осымен күн көреді, зауыт жоқ", – дейді Дәурен Балтабаев. 

Президенттің ұлттық құрылтайдағы мәлімдемесінен кейін полиция жаппай тексеріс жүргізіп, аудандағы цехтардың жұмысын тоқтатқан. Қазір жұрттың қып-қызыл ақшаға алған құрылғылары мен шикізаты қоймада шаң басып тұр. Басқа кәдеге аспайтын бұл шөпті енді диқандар көршілес елдерге шығарып сатсақ деп армандайды.  

Насыбайды темекі ұнтағынан жасайды. Аудан азаматтары темекіні ерте көктемде жылыжай ішіне егіп, кейін алқапқа апарып отырғызады. Қазір көктеп тұрған алқапты жыртуға обалсынып отыр. Ал жұмыссыз қалдық деген тұрғындар аудан әкімдігіне келген. Атқамінерлер шығынға батқан кәсіпкерлердің шикізаты мен насыбай шығаратын құрылғыларын көрші елдерге сатуға көмектесуге уәде берді. 

"Бұл мәселе бойынша Өзбекстан республикасымен тауар айналымы жөнінде жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер бар. Қалған темекілері мен апараттарын сол жаққа өткізу мүмкіндігін қарастыруда көмек берейік", – деді Келес ауданы әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев.

Шенеуніктер биыл Келес ауданы "Ауыл аманаты" бағдарламасына ілінгенін айтады. Соған сәйкес әр шаруаға 50 бағыт бойынша өз кәсібін жүргізуге 9 миллион теңгеге дейін ақша беріледі. Әкімдік өкілдері насыбай өндірумен айналысып келген жұртты жаңа кәсіпке баулуды бастаймыз деп отыр.

Еске салайық, 15 наурызда Атырауда өткен ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы қазақстандықтардың денсаулығына зиян келтіретін есірткі мен басқа да заттардың, соның ішінде насыбайдың зияны туралы сөз қозғап, оған тыйым салу керек екенін айтқан еді. 

Талқылау