Түркістан әкімі жаңадан түсірілген фильмге наразы болып, АҚШ режиссеріне үндеу жариялады
Түркістанның әкімі Рашид Аюпов америкалық режиссер Майкл Бэйге үндеу жариялады. Майкл Бэй басшылық еткен «6 Underground» фильмінде оқиға әлемде жоқ "Түргістан" мемлекетінде орын алатын көрінеді. Ойдан шығарылған мемлекеттің атауы Түркістан әкімінің наразылығын тудырыпты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Кинотуындының сюжетіне сәйкес диктатор Ровач Алимов халқын химиялық қарудың көмегімен құртып жібермекші болады екен.
Шенеунік "Түргістан" мен Түркістан атауларының өте ұқсас болуы күдік туғызады дейді. Бұл жағдай Қазақстанға келетін туристерге керіс әсерін тигізуі мүмкін деп алаңдайды. Оған қоса ол режиссерді Түркістан қаласына қонаққа шақырды, түсірілім жұмыстарына барынша көмектесеуге уәде берді.
"Бұл жазбаны Түркістан мэрінің атынан жазып отырмын. Сіздің соңғы «6 Underground» фильміңізге алғысымды білдіргім келеді. Бұл туындыда "Түргістан" мемлекеті басты назарда болған көрінеді. Мемлекеттің атауы біздің қаламыздың атына өте ұқсас екен. Қазақстанда Түркістан деп аталған қала шын мәнінде бар. Фильмді көрген халық біздің қаламыз жайлы теріс пікір қалыптастыратыны анық. Сонымен қатар бұл фильм біздің мемлекетімізде жаппай талқылануда. Айтқым келгені, Түркістан қаласы "Түргістан" мемлекетінен едәуір ерекшеленеді. Біздің қаламыз республикамыздың рухани астанасы болып табылады", - деп жазды Аюпов.
Оның үндеуін басқа да бірқатар танымал тұлғалар қостапты. Олардың қатарында блогерлер мен мәдениет қайраткерлері бар көрінеді. Майкл Бэй өз көзімен Түркістан қаласының сұлулығын тамашалау үшін мемлекетке шақырылды.
Бұның үстіне әлеуметтік желі қолданушылары #түргістанемес хэштегін жаппай таратуда. Олар осылайша режиссердің назарын қалаға аударып, оны қонаққа қорқынышты "Түргістанға" емес, әсем Түркістанға шақырылып жатқандығы көрсеткілері келіпті.
АҚШ кинорежиссері әлі жауап бермепті.