Түркия ЛГБТ-круизге шыққан кемені өз порттарына кіргізбей қойды

Түркия америкалық Atlantis Events компаниясы ЛГБТ қауымдастығы өкілдеріне арналған круиз үшін жалға алған Scarlet Lady ("Алая леди") кемесінің Кушадасы мен Стамбұл порттарына кіруіне тыйым салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Die Zeit басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Батыс Түркиядағы Айдын провинциясы губернаторы кеңсесінің мәліметінше, кеменің Кушадасы портына тоқтауына ешқандай жағдайда рұқсат берілмейді. Себебі билік жолаушылардың "жергілікті дәстүрлер мен моральдық нормаларға қайшы келетін қауымдастыққа" жататынын алға тартқан.
Тыйымнан кейін ұйымдастырушылар жолаушыларға арналған бағдарламаны өзгертіп, Түркиядағы аялдамалардың орнына Каир мен Крит аралына баруды жоспарлаған. Бастапқыда кеме 7 шілдеде Кушадасы портына келуі тиіс болған.
Atlantis Events компаниясының басшысы Рич Кэмпбелл Түркия билігінің кемені порттарға кіргізуден бас тартқанын растады. Оның айтуынша, компанияның 36 жылдық тарихында мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған.
Тыйым салынар алдында билікке жақын түркиялық бұқаралық ақпарат құралдары мен консервативті блогерлер әлеуметтік желілерде Scarlet Lady кемесінің ел порттарына кіруіне қарсы науқан бастаған. Олар сондай-ақ Стамбұлдың Бейоғлы ауданындағы круиз аясында іс-шара өткізіледі делінген барды жабуды талап еткен.
Кейін бұл мекеме шынымен жабылды. Стамбұл губернаторының әкімшілігі мұны белгіленген ережелердің бұзылуымен түсіндірді.
Халқының басым бөлігі ислам дінін ұстанатын Түркияның зайырлы Конституциясында ЛГБТ қауымдастығына ресми түрде тыйым салынбаған. Алайда соңғы жылдары президент Режеп Тайып Ердоған үкіметі ЛГБТ қауымдастығына қатысты қатаң риториканы күшейткен.
Түркияда 2015 жылдан бері прайд апталығы аясындағы іс-шаралар мен шерулер жыл сайын дерлік тыйым салынып немесе полиция тарапынан таратылып келеді. Билік мұндай шешімдерді қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті сақтау қажеттілігімен түсіндіреді.