Дәрігер кеңседегі кондиционердің зиянын ашып айтты

Жаз мезгілінде кеңседе орнатылған кондиционердің әсерінен адамның көзі құрғап, ашу және ашып ауыру сезімі пайда болуы мүмкін. "Зрение" офтальмологиялық орталығының маманы Кристина Горбачева мұның себебін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Газета.Ru" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Дәрігердің сөзінше, кондиционерден шығатын салқын әрі құрғақ ауа, әсіресе ауа ағыны тікелей бетке бағытталған жағдайда, адамның алдында ылғалдылығы төмен аймақ қалыптастырады. Соның салдарынан көз жасы қабықшасының тұрақтылығы бұзылып, көздің бетіндегі ылғал тез буланып кетеді.
Нәтижесінде көз құрғап, жайсыздық тудырады. Кей жағдайда адам көзінде бөгде зат тұрғандай сезінуі мүмкін. Бұл әсер компьютер алдында ұзақ отыратын адамдарда қаттырақ байқалады, өйткені олар сирек жыпылықтайды.
Маманның айтуынша, контакт линзаларын тағатын адамдар, сондай-ақ бұрыннан құрғақ көз синдромымен немесе гормондық бұзылыстармен бетпе-бет келген жандар кондиционердің тікелей әсеріне көбірек бейім келеді.
Дәрігер кондиционердің зиянды әсерін азайтудың бірнеше жолын атады. Оның айтуынша, құрылғының ауа шығатын бөлігін төбеге немесе басқа жаққа бағыттап, ауа ағынының бетке тікелей соқпауын қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар жұмыс орнында ауа ылғалдандырғышын қолдануға болады.
Сондай-ақ кеңседе жұмыс істеген кезде әр 20 минут сайын кемінде 20 секунд үзіліс жасап, кем дегенде 6 метр қашықтықтағы нысанға қарау ұсынылады. Бұл офтальмологтар ұсынатын "20-20-20" ережесі деп аталады.