Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстауда үш турист іздестіріліп жатыр: Олар соңғы рет Бекет-Ата мешітінен видео жолдаған

Бекет ата
Фото: lada.kz/жасанды интеллект көмегімен жасалған

Маңғыстау облысында Бекет-Ата жерасты мешітіне барғаннан кейін хабарсыз кеткен үш адам іздестіріліп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

Басылымның мәліметінше, 34 жастағы Қанатбек Жұбатқанов, 31 жастағы Ақмарал Бисенова және 20 жастағы Мархабат Бисенова 2 шілдеде Great Wall маркалы автокөлікпен Бекет-Ата жерасты мешітіне қарай жолға шыққан.

Олармен соңғы байланыс сол күні сағат 16:15 шамасында болған. Еріктілердің айтуынша, жоғалғандар WhatsApp арқылы мешіт аумағынан түсірілген бейнежазба жіберген, содан кейін олармен байланыс үзілген.

Маңғыстау облыстық полиция департаменті қазіргі уақытта ауқымды іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

"Жоғалғандардың жүрген жерін анықтау үшін полиция қызметкерлері, Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері, "Охотзоопром" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының мамандары және басқа да жедел әрі бейінді қызметтер жұмылдырылды. Іздестіру жұмыстарына тікұшақтар, арнайы техника және қажетті құрал-жабдықтар тартылған. Іздеу бірнеше бағыт бойынша бір мезгілде жүргізіліп жатыр және оған барынша көп күш пен құрал жұмылдырылған", – деп хабарлады ведомство.

Полиция барлық қызметтердің күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын және жоғалған азаматтардың орналасқан жерін тезірек анықтау үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.

Іздеу жұмыстарына еріктілер де қосылды. Олар өңір тұрғындарын жергілікті аумақты, оның ішінде ұшқышсыз басқарылатын аппараттарды пайдалана отырып, тексеруге көмектесуге шақырды.

Назархан Уән
Жексенбі, 05 Шілде, 2026 14:31