Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Трамп Газаны өз бақылауына алып, палестиналықтарды басқа жерге көшіруді ұсынды

АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонда Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен бірлескен баспасөз мәслихатында АҚШ-тың Газа секторын бақылауға алып, онда экономикалық даму үшін мүмкіндіктер жасауға дайын екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Трамп Газа секторына көз тігіп, бақылауға алғысы келетінін айтты. 

"АҚШ Газа секторын бақылауға алады, біз сол жерде жұмыс істейміз. Барлық қауіпті жарылмаған бомба мен басқа да қару-жарақтарды аумақтан шығаруға, аумақты тазалап, қираған ғимараттарды жоюға жауапты боламыз. Экономиканы дамытып, аймақтағы адамдарды жұмыс орындарымен қамтамасыз етеміз, баспана саламыз", – деді АҚШ президенті.

Ол Газа секторын "бұзылғалы тұрған аумақ" деп атады.

Нетаньяхумен келіссөздер алдында Трамп Газа тұрғындарын Таяу Шығыс мемлекеттері берген жаңа жерге орналастыруды ұсынды. Яғни палестиналықтарды Египет пен Иорданияға қоныстандыру керек дейді. 

Баспасөз мәслихатында ол Газа секторын ұзақ уақыт иеленіп, мыңдаған жұмыс орнын ашуға ниетті екенін айтты.

"Мен ұзақ мерзімді перспективада меншіктеуді дұрыс көремін және солай Таяу Шығыстың сол жақ бөлігіне, мүмкін бүкіл Таяу Шығысқа тұрақтылық орната аламыз", – деді Трамп.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Дональд Трамптың идеясына оң қабақ танытты. Оның айтуынша, бұл – Израильге қауіп төндірмейтіндей жағдай.

Демократиялық партия өкілдері Трамптың Газа секторын бақылауға алу туралы ұсынысына қатаң реакция білдіріп үлгерді.

"Тоқта, не? АҚШ Газаны басып алмақ па? Бізге бұдан былай соғыс болмайды деп уәде берді. Менің есебімше, біз Гренландияны, Канаданы, Панама каналын басып алдық, ал қазір... келесі кезек Газа ма? — деп жазды калифорниялық конгрессмен Эрик Суолвелл.

ХАМАС шенеуніктері Трамптың сөзін "хаос пен шиеленіс" деп санайтынын айтты.

"Газа секторындағы халқымыз бұл жоспарлардың жүзеге асуына жол бермейді. Біз халқымызды өз жерінен қуып емес, басып алу мен басқыншылықты тоқтатуымыз керек", –  деді ХАМАС өкілі Сами Әбу Зухри.

Талқылау