Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тозақта өмір сүрдім": Қазақстандық әйел күйеуінен көрген зорлық-зомбылықты Бишімбаев ісімен салыстырды

Ақтау тұрғыны жұбайының зорлық-зомбылық жасап, қудалауына байланысты Қазақстанның құқық қорғау органдарынан көмек сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

видеодан скрин

Арайлым есімді әйел өз оқиғасын БАҚ-қа айтып, видео жариялады. Онда ол барлық құқық қорғау органдарынан күйеуінен қалай қорғануды білмейтінін айтып, көмек сұрады. 

Айтуынша, ол жұбайымен 13 жыл бірге тұрған. 

"Білесіздер бе, мен Бишімбаевқа қатысты сот процесін көріп, таңғалдым. Оның не айтатынын алдын-ала білген сияқтымын. Даусы, сөйлеу мәнері. Мұндай адамдар бірдей өмір салтын ұстанып, бірдей ойлау қабілетіне ие бола ма? Өз басым тозақта өмір сүрдім. Одан 2023 жылы кеткім келді, бірақ үш кішкентай балам бар еді. Ол мені ата-ана құқығынан айырамын деп қорқытты, аңғал және жас болдым. Қорыққанымнан қайтып келдім. Ақырында одан таяқ жеп ауруханаға түстім", – дейді Ақтау тұрғыны.

Жұбайымен ақырғы кездесуінің соңы Арайлым үшін ауруханаға түсумен аяқталған. Наурызда ер адамға әйеліне жақындауға тыйым салатын қорғау нұсқамасы туралы үкім шыққан. Алайда бұл оны тоқтатпапты. 

"9 наурызда Ақтау әуежайынан келе жатқанымда күйеуім ізіме түсіп, апатты жағдай туғызды. Соның салдарынан мен тоқтауға мәжбүр болдым. Ол көлігіме жақындап келіп, есікті ашуымды талап етті. Қоқан-лоқы көрсетіп, бейәдеп сөздерін айтты. Мен есіктерді жауып алдым. Ол көп ойланбастан жүргізуші жақтағы әйнекті бір ұрып, сындырды", – дейді әйел.

Айтуынша, жанында құрбысы отырған. Ол болған жағдайдың бәрін видеоға түсірген. Оқиға орнына полиция келгенде Арайлым орнынан қозғала алмаған. Жүргізуші орындығында есін жия алмай, біраз уақыт жылап отырып қалған. Осы кезде құрбысы полицейлерден жедел жәрдем шақыруын өтінген, бірақ олар асықпаған. 

"Полиция қызметкерлері менің жағдайымды көре тұра, асықпай, шамамен 10 минуттан кейін ғана қоңырау шалды. Онымен (күйеуі – авт) сыпайы түрде сөйлесті. Ол мені тіпті полиция тұрса да, қорқытудан жасқанбады. Құрбым жағдайға араласып еді "жеке отбасылық өмірге араласпауын және арандатушылық тудырмауын" сұрады. Ал маған орнымнан тұрып, көліктеріне барып, арыз жазуым керек деді. Мен стресс пен суықтан дірілдей бастадым, бүкіл денем құрысып қалды. Бұл қорқынышты түс секілді. Жедел жәрдем келгенде ғана есімді жинағандай болдым”, – деді Арайлым.

Әйелдің айтуынша, кейінірек ол ауруханада жатқан кезде полицейлер келіп, қорғау нұсқамасының бар екенін білмейтіндерін мәлімдеген. Алайда оның бар екені видеода бірнеше рет айтылған.

Арайлым өзін қорғау туралы өтініш пен хаттарды барлық инстанцияға, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы қорларға және ел президентіне жіберген. Ол өзінің видеоүндеуінде соққыға жығылған кездегі фотоларын жариялады.

 

Талқылау