Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тойымыз болмаған еді: Қазақстандық ерлі-зайыпты журналист тікелей эфирде үйлену тойын өткізді

Қазақстандық ерлі-зайыпты журналист Әсем Изатқызы мен Ғалым Кәлменнің үйлену тойын тікелей эфирде өткізді. Олар 5 жыл бұрын бас қосқанымен үйлену тойы өтпеген. Есесіне Әсем Изатқызы ел алдында ақ көйлек киіп, "Той жырымен" ақ келін атанды. 

Қос журналистің қуанышы "Пендеміз ғой" бағдарламасында аталып өтті. 

Ғалым Кәлмен мен жары Әсем Изатқызы 5 жыл бұрын шаңырақ көтерді. Алайда қандай да бір себептермен үйлену тойы өтпепті. Әсемнің ақ көйлек кисем деген арманы орындалған жоқ. Есесіне көпшілік алдында "Той жырының" авторларымен, танымал әншілермен бірге қуаныш аталып өтті. Әсем Изатқызы бес жылдан соң ақ көйлек киіп, көпшілік алдына шықты. 

"Бес жыл бұрын әртүрлі себеп болды. Жағдай керемет болмады. Астанамыз қату еді. Небір себептер болды. Жұмысқа кету керек болды. Үйлену тойымыз өтпей қалды. Сондықтан бүгінгі әйгілі "Той жыры" әнінің 50 жылдығы тақырыбындағы бағдарламада авторлармен бірге жарымның көңілін көтергім келді. Ол үшін тосынсый жасап, ақ көйлек дайындадым. 200 адамға той жасамасам да, қазақ елінің алдында атап өткім келіп тұр. Ұлы тұлғалардың қасымда түрегеп тұрып мені қолдағаны, әнді "Той жыры" авторларының өзі шырқап тұрғанының өзі мен үшін үлкен мәртебе", - деді Ғалым Кәлмен. 



Тосыннан ақ қалыңдық атанған Әсем Изатқызының арманы орындалды. Қалыңдық көзіне жас алып, көңіл-күйін жасыра алмады. 

"Мен үшін тосынсый болды. Сіздерге алғысымды білдіремін. Бүкіл қазақ елі алдында ақ көйлек киіп шыққанымның өзі мен үшін бақ", - деді Изатқызы.

Айта кетейік, Ғалым Кәлмен мен Әсем Изатқызы Қазақстандағы бағдарлама тізгіндеген алғашқы ерлі-зайыпты жұп. 

"Мен үйде де, жұмыста да бағдарламада да, студияда да Әсемді көрем. Қайда барсам, Әсемді көрем. Тек түсіме ғана кірмейді", - деп әзілдеді Ғалым мырза. 

Әсем ханымның айтуынша, көрерменнен өзіне келетін хаттар көп. Көп қыздар Ғалым мырзаға ғашық екенін айтып жатады екен. Өзіне де хат жазушылар көп. 

"Ел алдында жүрген соң бәріне дайын болу керек. Қызғанатын кезім болады. Бәрі орнымен. Орынсыз қызғанбаймын. Маған да хат жазатын қыздар көп. Әсем де қызғанады. Бірақ ел алдында жүрген соң орынсыз қызғанышқа жол беруге болмайды", - деді Ғалым. 

Әсем ханымның айтуынша, махаббат бар жерде қызғаныш міндетті түрде болады. 

"Мен эмоциямды жасыра алмайтын адаммын. Көзіме жас алуым тез. Мені "жылаңқы Әсем" деп атайды екен көрермендерім. Бағдарламаға тағдыры ауыр адамдар келеді. Оның бәрін жүрекке жақын аламын. Әйелдер эмоцияны жылап шығарамыз. Ал ер адамдар олай ете алмайды", - дейді Изатқызы. 

Талқылау