Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бір той үшін 3 млн теңге": Той-бизнестегі ең танымал әншілер қаншаға шығады және нені талап етеді

Той десе қу басы домалайтын халқымыз әншілердің қалтасын да "домалатып" жатыр. Халқыммен біргемін дейтін әншілер тойға келгенде қаншалықты елдің жағдайына қарайды? Ел алдында жүрген еркелердің күтімі де бір төбе - кейбірі әуежайдан Лэнд Крузер-200 автокөлігімен күтіп алып, бесжұлдызды қонақүйдің люкс бөлмесінде орналастыруды талап етеді. Олай болмаған жағдайда шақыртуды қабыл алмайтындар да бар. Stan.kz ақпарат агенттігі той-бизнесіндегі ең үлкен сұранысқа ие әншілердің прайстарын ұсынады. 

тойбизнес

Музарт

"Музарт" тобының солистеріне тойға кел деп жеке өтініш жасай алмайсыз. Тек топпен бірге шығады. Топтың тойда өнер көрсетуі 10 мың доллар тұрады. Ансамбльмен шақырсаңыз, 12 мың доллар дайындайсыз. Бас-аяғы бір тойда 10 ән айтады. Жанды дауыста айтатынын қаласаңыз, біраз шығынға батасыз. Себебі сәйкесінше техникалық райдерін орындау қажет. Ал техникасын бір күнге жалдаудың өзі 2000 долларға жетеқабыл. Ұшып бару-келу және жатын орны мен ішетін тамағы сол он мыңның ішінде. Саудаласу деген жоқ.

тойбизнесҚайрат Нұртас 

Хитмен Қайрат Нұртас шоу-бизнесте де, той-бизнесте де қымбат әншілердің көшін бастап тұр. Тойыңызда өнер көрсетуі 3 000 000 теңгеден асып жығылады. Тапсырыс берген күннен бастап 90% төлем жасап қоясыз. Бұдан бөлек екі адамның жолы мен қонақ үйіне бөлек қаржы жұмсайсыз. Тойыңызда ең көп дегенде 7-8 әнін орындайды. Желтоқсан айында өтетін тойлар үшін әнші өз бағасынан түсіп келе алмайды. Себебі, тапсырысы көп екен. 

тойбизнесТөреғали Төреәлі

"Ұлы дала баласының" қай еркелігін болса да көтеруге дайын халық тойына да ерекше ықыласпен шақырады. Шымкентке 8 мың долларға шығатын әншінің бұдан бөлек жолы, жатын орны мен ішетін тамағына аса мұқият дайындалуыңыз керек. Тойыңызға деп дайындап келген 8 әннің екі-үшеуін ғана жанды дауыста орындайды. Бір жақсы жері Ұлы дала баласы той иесі жағдайын түсіндірсе, 6 мың долларға келіп өнер көрсетуге қарсы болмайды.

Еліміздегі ең қымбат асабалар мен олардың доллармен өлшенетін "прайстары">>

Төреғалидің жанында міндетті түрде әкесі әрі продюсері Төрәлі мырзаның өзі жүреді. Тойыңызға шақырған соң, Төреғалидың аяғын жерге тигізбей күтуіңіз керек. Ұшаққа екі адамға бизнес-классқа, қасына музыкалық продюсерін ертетін болса, эконом-классқа алсаңызда жарайды. Төреғалиді әуежайдан Тойота маркілі "Лэнд крузер 200" автокөлігімен күтіп алып, қонақүйдің люксына жатқызуыңыз керек. 

тойбизнесЕрке Есмахан 

Ерке сылқым тойыңызда еркелеп ән айтуы үшін 7 мың доллар бересіз. Алдын ала 50% төлем жасап қоясыз. Бұдан бөлек кірпияз Еркенің күтімі де ерекше. Ұшақтың бизнес-классынан өзіне алсаңыз, көмекшісіне эконом-класстан билет аласыз. Одан соң ерке қызға қонақ үйдің де люксын дайындасаңыз мерейін үстем етесіз. Барлық әнін жанды дауыста орындайтын Ерке тойыңызда кем дегенде 7-8 ән айтады. Миллондап ақша беріп отырсаңыз да өзіңізге ұнаған әнді орындауға өтініш айта алмайсыз. Өйткені, өзінің орны бар әнші қыз біреудің әнін орындамайды. Ал өз репертуранынан сіз қалаған әнді орындап беруге қарсы емес. 

 

тойбизнесЕрнар Айдар

Қайрат пен Төреғалидан кейінгі орында тұрған Ернар Айдардың бір тойдан табатын табысы 5 мың доллардан кем емес. Қонақ үй мен жолына деп сабылмаймыз. Тойыңызда 8 әннен артық орындамайды. Жағдайыңызды айтсаңыз, 1000 доллар ғана түсіп келе алады. Барлық әнін жанды дауыспен орындап, тойда өкшең тесілгенше билететін әнші тек өз репертуарынан ғана ән шырқайды.

тойбизнес

Әбдіжаппар Әлқожа 

Әбдіжаппардың бір тойда өнер көрсетуі 4 мың доллар тұрады. Жолы мен жататын орнына екі адамға арнап бөлек қаражат жұмсайсыз. Бәрі қоса есептеп теңгеге шаққанда 1 700 000 теңгені құрайды. Тойыңызда қожаның ерке баласы ең хит деген сегіз әнін орындап, шақырғаныңызға рахмет айтып кете береді. Сөзсіз қалауыңыздағы Әбдіжаппардың репертуарындағы әнді орындап беруін өтіне аласыз. 

тойбизнес

Нұрболат Абдуллин

Көрсең көз тоятын сымбатты Нұрболатты тойыңызға шақырмас бұрын алдын ала екі-үш ай бұрын хабарласқаныңыз жөн. Сері жігіт 10 шақты өлең айтып, ақ тер, көк тер болмайды. 4 мың долларын қолына берсеңіз 4 әнін айтып кете барады. Екі мың долларды қосып берсеңіз, тағы 2 ән айтып береді. Айтпақшы 4 мың доллардың 1000 долларын алдын ала беріп қойғаныңыз дұрыс.

тойбизнес

Қуандық Рахым 

Қуандық Рахымды тойыңызда көру үшін 1 500 000 теңгені берсеңіз жеткілікті. Бұл соманың ішіне жолы мен жатын орны кіреді. Бірақ талай қыздың жүрегін жаралап жүрген Қуандықты әуежайдан әдемі көлікпен күтіп алып, қонақ үйге жеткізу, одан тойханаға апару сіздің мойныңызға артылған жүк. Тойыңызда екі рет шығып 8 әнін орындап береді. Тойға деп арналған өзінің бағдарламасы бар әнші сіздің қалауыңыздағы әнді орындай бермеуі мүмкін. Тек алдын ала өтініш айтып ескертіп қоюыңыз керек.

тойбизнес

Серікбол Сайлаубек

"Жеңгелеп" бүкіл жеңгелер қауымына құда болу қамын ойлауды айтқан әнші Серікбол Сайлаубек тойыңыздың "от" болып өтуі үшін жанын салады. Ол үшін шотына 4 мың доллар аударып қойсаңыз жеткілікті. Бұл ақшаға тек Серікболдың өзі ғана емес, жанында бірге жүретін тағы екі әншісі келеді. Жататын жері мен жолына бөлек төлейсіз. Бас-аяғы 12 ән айтып тойыңыз тарқағанша қызметіңізде болады. Серікбол антракт кезінде бірден 6-7 әнін орындап өз парызынан құтылады. Келіссеңіз, жолын өздері төлеп, келе алады. Одан артық "скидка" сұрай алмайсыз. Серікболда өзгенің әні, өзімнің әнім деген бөлінушілік жоқ. Жастарға деп орысша да, сәл дайындалса ағылшынша да әнін айтуға қарсы емес. 

тойбизнес

Серік Ибрагимов

"Қыз бала - гүл" деп бүкіл қыздардың мерейін үстем еткен Серік ұлдарыңыз бас аяғы 1 500 000 теңгеге 8 әнін айтып, қуанышыңызды бөлісуге әзір. Оның ішіне барлық шығыны кіреді. Ал егер жағдайыңыз Серік айтқан соммаға сай келмей жатса, әнші оны түсінеді және өз айтқан бағасынан түсуге қарсы емес. 

тойбизнес

Абай Бегей

Тойда өнер көрсетуі 1 миллион тұратын тағы бір әнші - Абай Бегей. Қолына миллион теңгені берсеңіз, жолы мен тамағы қоса кіреді. Арнайы барған соң тойдың бас-аяғына дейін болады. Алдын ала 20-30% төлеп қойсаңыз болды. Өзіңіз қалаған әндерді орындап береді. Егер орысша ән болса, алдын-ала ескертсеңіз болғаны, әнші дайындалуы керек. Ол үшін қосымша ақы алынбайды. 

тойбизнес

Асхат Тарғын

Тойды "чип-чип" деп жүріп қыздыратын әнші ұлдарыңыз 2 мың долларды қанағат тұтады. Оның үстіне бұл ақшаның ішіне бәрі кіреді. 10 шақты өлең айтып, жақсы кеш сыйлайтын әншіге 50% төлем жасап қойсаңыз болды. 

тойбизнесАхан Отыншиев 

Сырт жаққа миллион сұрайтын Ахан Отыншиевті Алматы қаласында 250-200 мыңға шақыра аласыздар. Қаланың ішінде бір күнде 2-3 тойды атқарып кете алатын ол алыс сапар бұл жоспарын бұзатындықтан бірден миллион сұрайды. Би алаңдарын "Шудың бойында" әнімен дүркірететін әнші бас-аяғы 4 өлең айтып, тойда көп бөгелмейді. Таза миллион берсе өздері келіп, өздері кетеді. Басқа әншілер сияқты жағдайымызды жаса деп "қиялданбаймыз" дейді. Келіссеңіз, 900 мыңға түсіп келуі мүмкін.

тойбизнесРахымжан Жақайым

Қазіргі таңда сұранысқа ие әншілердің бір Рахымжанның гонорары Ахан Отыншиевтікінмен бірдей. Алматы қаласы үшін 250-200 мың теңге болса, "Достарым менің золотой" деп марқаятын әнші сырт жаққа миллион сұрайды. Осы миллионның ішіне жататын жері мен жолы қоса кіреді. "18 бен 25 қайтып келмейтінін" білсек те, Рақымжанның осы әніне кез-келген тойда билеуге дайынбыз.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін еліміздегі ең қымбат асабалар мен олардың доллармен өлшенетін "прайстары" жайлы рейтинг жариялаған болатынбыз. 

 

Материал авторы: Жанна Мәлік

Талқылау