Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Төсекке сүйреп, көңілдес болуды ұсынды": Қызылорда облысында судья өзіне сот төрағасының қысым көрсетіп жүргенін айтты

Қызылорда облысында қос судьяның арасында туындаған қызметтік жанжал күннен-күнге ушығып барады. Шиелі аудандық сотының судьясы Гүлнұр Құрманбай басшысына қатысты әртүрлі іс әрекеттер жайында ашық әңгімелеп берді. Оның сөзінше, аудандық сот төрағасы Марат Күздеубаев жалғыз басты әйелге төсектес болуға ұсыныс білдіріп, болмаған соң, өмірін тозаққа айналдырып жатқан көрінеді.

Осы күні қазылар арасындағы текетірес Жоғарғы сотқа дейін жеткен. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Гүлнұр Құрманбай Шиелі аудандық сотында 8 жылдан бері судья қызметін атқарып келеді екен. Әртүрлі істерге қазылық етіп жүрген ол 2017 жылы сот төрағасы болып Марат Күздеубаев тағайындалысымен, қызметінде қиындықтар туындай бастағанын айтады.

"Ол кісі маған кәдімгідей ашық түрде тиісті. Күн көрсетпеді. Маған орысша айтқанда көңілдес болмадың деген негізбен істеріме тиісіп, жаңа жылдарда болмаса жұмысқа келмеген кезде "сіз келмедіңіз, қайда болдыңыз?" дегендей. Сол секілді басқа әрекеттері бар енді. Мен оның бәрін түбегейлі айтуға әйел атыма ұятты нәрсе. Намысыма тиеді. Ауыр ол", - деді Шиелі аудандық сотының судьясы Гүлнұр Құрманбай. 

Гүлнұр Құрманбайдың айтуынша, сот төрағасы қызметтік міндетін асыра пайдаланып, өзімбілермендікке де жол берген.

"Менің кабинетімнің есігін бұзып, менсіз, келісімімсіз сөйтіп, істерді алып, менің атымнан компьютерде шешім жазған. Оған қол қойып, оны тараптарға беріп, ол тараптар ол шешіммен келіспей аппелациялық шағым берген. Менің айтарға сөзім жоқ", - деді жәбірленуші. 

Осылай деп шағымданған судья Гүлнұр Құрманбай басшының үстінен Жоғарғы сотқа арызданғанын айтады. Алайда фемида өкілдері істі тексере келе ешқандай қылмыс құрамы жоқ деген шешім шығарыпты. Ал Шиелі аудандық сотының төрағасы Марат Күздеубаев өзіне тағылған айыппен мүлдем келіспейді. Ол мұндай әрекетке судья Гүлнұр Құрманбайдың "менен кек алу мақсатына жасап отырған амалы" дейді.

"Мен Шиелі ауданы тұрғындарынан судья Құрманбайдың заңсыз шешімдерінен кейін үйлері мен жерлерінен айырылып қалды деп шағымдар түскеннен кейін өзім тексеру жүргіздім. Содан судья Құрманбайдың ҚР азаматтық кодексінің бүкіл талаптарын бұза отырып, 20 дана заңсыз шешімдерін анықтадым. Судья Құрманбай тарапынан шешім шығару барысында заңсыздыққа жол берілгені туралы облыстық соттың төрағасына хабарлап, заң талаптарына сәйкес, шара қолдандым", - деді аудандық сот төрағасы Марат Күздеубаев.

Төраға қоластындағы қызметкердің үстінен қылмыстық кодекстің 369 бабының 3-бөлігі және 418 баптың 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалғанын және оның бұған дейін шығарған 20 шешімнің 10-ы бұзылғанын айтып берді. Сондай-ақ, Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі Гүлнұр Құрманбайдың өкілеттілігі Жоғарғы сот Төрағасының бұйрығымен екі айға тоқтатылғанын мәлімдеді. Енді жәбірленуші жақ Бас прокурорға шағымданбақшы.

Талқылау