Мектепте атыс бастаған жасөспірімнің ата-анасы 15 жылға бас бостандығынан айырылды
АҚШ-тың Мичиган штатының соты мектепте төрт оқушының өліміне себепкер болған жасөспірім Этан Крамблидің ата-анасын 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: BBC
Джеймс пен Дженнифер Крамбли психикасы тұрақсыз ұлының әрекетін тоқтата алмағаны үшін сотталды. Сондай-ақ олардың бұған дейін байқаусызда адам өлтіргені үшін сотталғаны белгілі болды.
Джеймс пен Дженнифер Крамбли баласының істеген ісі үшін өкініш білдірді.
Сот Шерил Мэтьюз ерлі-зайыптыға тағайындалған жазаның ұзақтығы олардың өз баласын тоқтата алмағанына байланысты екенін мәлімдеді.
“Олар (ата-анасы) экстрасенс болуға міндетті емес. Тағайындалған жазаның олардың балаға дұрыс тәрбие бере алмағанына еш қатысы жоқ. Сотталушылардың баланы тоқтататын мүмкіндігі бар еді. Бірақ олар баланың бойынан байқалған әрекеттерді дабыл деп ескермеді”, – деді сот.
Ерлі-зайыпты 10 жыл жазасын өтегеннен кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін. Егер олардың өтініші қабылданбаса, сотталушылар 15 жылдан кейін ғана босатылады.
Сот барысында прокурор сотталушылардың баланың психикалық күйінің нашарауының айқын белгілерін елемей келгенін және 2021 жылы мектептегі атыс кезінде қолданылған жартылай автоматты тапаншаны өздері алып бергенін мәлімдеді.
Итон Крамбли 15 жасында төрт оқушыны атып өлтірген. Бұл қылмысы үшін ол шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Сот үкім шығарар алдында жәбірленушілердің ата-аналары сотта сөз сөйледі.
Оққа ұшқан 17 жастағы Мэдисон Болдуиннің анасы Николь Босолей көзіне жас алды.
“Сіздер балаларыңызға тапанша сатып алып бергенде мен қызыма шығарма жазуға көмектесіп жүр едім. Сіздер үшін бала тәрбиесі аса маңызды емес еді, сол себепті мен қызымнан айырылдым”, – деді ол сотталушыларға қарап.
17 жастағы Джастин Шиллинг те атыс кезінде қаза тапты. Оның анасы Джилл Соав ұлынан айырылып, орны толмас қаза туралы сөзбен айтып жеткізе алмайтындай жағдайда екенін жеткізді. Ол Джеймс пен Дженнифер Крамблиді баласының әрекетіне тоқтау бола алмағаны үшін кінәлі деп айыптады.
Прокурор Джеймс пен Дженнифер Крамблиді баласының психикалық денсаулығына, баланың өздері сатып әперген тапаншаны емін-еркін пайдалануына немқұрайлы қарады деп айыптады. Прокурорлардың қатаң үкім шығару туралы ұсыныстары төрт адамның өліміне негізделген. Мұнда әр оқушының өлімі жеке қылмыс ретінде қарастырылды.
Итонның әкесі болған іске өкінетінін және уақытты кері қайтара алғанда басқаша әрекет ететінін жеткізді.
“Мен сіздерден бізге кешірім берулеріңізді сұрамаймын. Өйткені мұның мүмкін емес екенін білемін. Бірақ сіздердің жүректеріңізді ауыртқаным үшін қатты өкінемін”, – деді жасөспірімнің анасы Дженнифер Крамбли.
Десе де Джеймс Крамблидің адвокаты Мариэлл Леман сотталушының баласының жоспарынан бейхабар болғанын және мұны дәлелдейтін ешқандай айғақтың жоғын мәлімдеді. Сондай-ақ адвокаттар өлтірген әр адам үшін ата-ананы бөлек жауапқа тарту дұрыс емес деп санайды. Алайда прокурорлар қорқаушының бұл сөзімен келіспейтінін жеткізді.
Атыс болған күні мұғалімдер Итонның салған суретіне қатысты алаңдап, оның ата-анасын мектепке шақырған. Алайда олар жұмыстан шыға алмайтынын айтып, оқушыны қайта сыныбына қайтарған. Мұғалімдер Итонның тапанша жатқан сөмкесін де тексермеген.
2023 жылы жарияланған тәуелсіз тергеу мектепте бірқатар тәртіп бұзушылықтар барын анықтады. Аймақтық білім беру басшылары қолданыстағы ережелерді қайта қарап, жақсартуға уәде берді.