Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Төрт күн бойы аңдыған": Алматыда ер адам автобуста бұрынғы әйеліне пышақпен шабуыл жасады (видео)

Алматыда ер адам бұрынғы әйелін өлтірмек болып, пышақпен шабуыл жасаған. Жаға ұстатарлық видео әлеуметтік желіде жарияланды. Белсенді Дина Смаилованың мәліметіне сәйкес, оқиға 31 шілдеде 22:30 шамасында №38 автобуста болған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

пышақтаған

Дина Смаилованың сөзінше, ер адам бұрынғы әйелін төрт күн бойы аңдыған. Алайда әйел жұмысынан басқа есік арқылы шығып, қашып жүрген. Сол күні ер адам әйелді алдап, артынан еріп автобусқа бірге мінген. 

"Бұрынғы күйеуі бірнеше рет күш қолданған. Әйел отбасылық зорлық-зомбылық бойынша полицияға бірнеше рет жүгінген. Ерлі-зайыптылар екі жылдан бері ажырасып кеткен. Алайда ол әйелдің жеке өмірін бақылап, аңдуын доғармаған", – деп жазды Дина Смаилова. 

Айтуынша, сол күні автобуста жүрек тұсына пышақ сұғып алмақ болған. 

"Автобус жолаушылары араша түскендіктен, ойындағысын іске асыра алған жоқ. Бұл – қауіпті азамат, бұрынғы әйеліне қышқыл құйып жіберетінін айтып қорқытқан. Әйелді адамдар құтқарып қалды, алайда бұл кез келген уақытта қайталануы мүмкін", – деп қосты белсенді. 

Дегенмен Алатау ауданында полицейлер аталған деректі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-1-бабы, 1-бөлігі "Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер" бойынша тіркеп, ер адамды тек 15 тәулікке қамауға алған. Алайда құқық қорғаушы мұндай жазамен келіспейтінін мәлімдеді. 

Полиция департаменті бұл жағдайға қатысты пікір білдіріп, сот-медициналық сараптама тағайындалғанын мәлімдеді. 

"Аталған дерек Қылмыстық кодекстің 293-бабы, 3-бөлігі "Бұзақылық" бойынша тіркелді. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Кешенді тергеу шаралары жүріп жатыр. Нәтижесі бойынша процессуалды шешім қабылданады", – делінген хабарламада. 

Талқылау