Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Төрт адамды қатыгездікпен өлтірген Сәрсемәлиевтің айыптауға реакциясы видеоға түсіп қалды

Сұлтан Сәрсемәлиев видео реакция
Фото: Видеодан скрин

Атырау қаласында Жангелдин ауылындағы бүтін бір отбасының өліміне қатысты сот процесі өтіп жатыр. Айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиевтің өзіне тағылған айыптар мен істің мән-жайы оқылып жатқан кездегі реакциясы видеоға түсіп қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сот отырысы кезінде мемлекеттік айыптаушы Мирас Бауыржанов айыптау актісін оқыды. Құжатта сотталушының бұрынғы жұбайының туған інісі Наурыз Мұқанғалиев пен әкесі Мақсот Қарабалиннің өліміне алып келген жанжалдың мән-жайы егжей-тегжейлі баяндалды.

Құжатта Мақсот Қарабалиннің мәйіті өлтірілгеннен кейін кілемге оралып, жалдамалы үйдің ауласына көмілгені айтылған. Осы деректер оқылып жатқан сәтте камераға айыпталушының оған реакциясы түсіп қалды. Ол прокурордың сөзін сырттай сабырлы күйде тыңдап, бір сәтте оның еш қымсынбастан жымиғанын байқауға болады.

Кейін судья Зарема Хамидуллина айыпталушыға істі алқабилердің қатысуымен қарау құқығын түсіндіріп, осы мәселеге қатысты ұстанымын нақтылады.

Бұған дейін сотталушы әйелінің отбасын жұбайымен қарым-қатынасына араласып, балаларымен қоқан-лоқы көрсеткені үшін өлтіргенін айтқан еді. 

Оқиғаның мән-жайы

2025 жылғы желтоқсанда полицияға 66 жастағы ер адам – Мақсот Қарабалин, 64 жастағы әйел – Насипа Өтешқалиева және олардың балалары – 32 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызының із-түссіз жоғалғаны туралы хабар түскен. Туыстарының айтуынша, отбасы мүшелері қараша айынан бері байланысқа шықпаған, олардың қайда екені белгісіз болған.

Төртеуі де хабар-ошарсыз кеткендер ретінде іздеуге жарияланды. Осы дерек бойынша соталды тергеу басталып, жедел-тергеу тобы құрылды.

“Былтыр желтоқсанның соңында Атырау қаласының тұрғыны полицияға ағасы мен оның отбасы ұзақ уақыт бойы байланысқа шықпай жатқанын айтып жүгінді. Жүргізілген жедел-тергеу шараларының нәтижесінде өлтірілген адамдардың мәйіттері әртүрлі жерлерге көмілген күйде табылды”, – деді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.

Биыл 6 қаңтарда тергеу әрекеттері барысында үйлердің бірінің шаруашылық құрылысынан Мақсот Қарабалин мен Насипа Өтешқалиева мәйіттері көмілген күйде табылды. Осыдан кейін іс кісі өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, жоғалған балаларды іздеу жалғасқан.

Қылмыс жасады деген күдікпен 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиев – қаза тапқан отбасының бұрынғы күйеу баласына халықаралық іздеу жарияланды. Онымен бірге марқұмдардың кенже қызы да халықаралық іздеуге берілген. Бұған дейін ол күдіктімен некеде болған.

“Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Индонезия Республикасындағы әріптестерімен бірлесіп, аталған елдің аралдарының бірінде Атырау облысындағы резонанстық отбасы өліміне күдікті азаматты ұстады. Қазір ол Қазақстанға депортацияланып, уақытша ұстау изоляторына қамалды”, – деді Қанат Нұрмағамбетов.

Күдікті Индонезияда ұсталды. Онымен бірге отбасының кенже қызының да жүргені анықталған. Ұсталғаннан кейін ер адам кінәсін мойындап, тергеуге жауап берді. Оның жауабы бойынша, жедел-тергеу тобы қайта тергеу әрекеттерін жүргізіп, Атыраудағы үйдің ауласынан бұрын хабар-ошарсыз кеткен Мирамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевтің мәйіттерін тапты.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 18 Мамыр, 2026 14:46