Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақмыс" өндірісті жаңартып, нысандардағы қауіпсіздікті күшейтіп жатыр

Қазақмыс
Фото: Қазақмыс

"Қазақмыс корпорациясы" ЖШС басшылығы кәсіпорынның еңбек ұжымымен тұрақты кездесу өткізу тәжірибесін жалғастырып жатыр. Кезекті жұмыс жиыны Жезқазғанда басқарма басшысы Руслан Өскенәлі мен бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібековтың төрағалығымен өтті. Кездесуде 2026 жылғы қаңтар-сәуір айларының жұмыс қорытындысы шығып, компанияның негізгі басымдығы айқындалды.

Өндірістік қауіпсіздік саласындағы басты нәтиже — 2026 жылдың алғашқы төрт айында компания қызметкерлері арасында өліммен аяқталған оқиғаның мүлде тіркелмеуі. Штаттағы қызметкерлер арасындағы жарақаттану деңгейі 35% қысқарып, LTIFR көрсеткіші біртіндеп төмендеп келеді.

Компанияда қауіпсіздік талабы қатаң бақылауға алынды. Жыл басынан бері жұмыс орындарында жүздеген өндірістік тексеріс жүргізіліп, кәсіпорындардың алғашқы басшысының қатысуымен тоқтату жиналыстары ұйымдастырылды. Сонымен қатар жаңадан орналасқан жұмысшылар үшін Q-start кіріспе оқыту бағдарламасы іске қосылды.

Сонымен қатар Қазақмыс шикізат қорын дамытуға бағытталған геологиялық барлау жұмысы мен инвестиция көлемін айтарлықтай арттырып келеді. Бұған дейін пайдалану мақсатындағы бұрғылау көлемі – жылына шамамен 63 000 жүгіртпе метр, 2026 жылы тек Жезқазған бағыты бойынша геологиялық барлау мақсатындағы бұрғылау жоспары 62 400 жүгіртпе метрге жетті. Бұл – үш өңірлік бағыттың тек бірі ғана. Жалпы алғанда геологиялық барлау бағдарламасы екі еселеніп отыр. Төрт ай ішінде бес негізгі кәсіпорында үздіксіз жұмыс істейтін 7 бұрғылау қондырғысының күшімен 20 000 жүгіртпе метрден астам аумақ бұрғыланды.

Геологиялық барлауды дамыту мақсатында жаңа жерасты бұрғылау қондырғылары сатып алынды, бұрғылау бригадасының инфрақұрылымы жаңартылды. Онымен қоса қысқы мезгілде тоқтаусыз жұмыс істеу үшін тиісті жағдай жасалды. Сонымен қатар компания бұрын игерілмеген кен қорын зерттеп жатыр.

Қазақмыс
Фото: Қазақмыс

2026 жылы өндірістік активті жаңарту бағдарламасы аясында Балқаш мыс балқыту зауытында күкірт қышқылы цехының негізгі жабдығы ауыстырылды, ПВ-1 пешіне жоспарлы күрделі жөндеу мерзімі қысқартылды. Жезқазған, Балқаш қалаларында металлургиялық қуатты жаңғырту бойынша ірі жобаларды жүзеге асыру жалғасып жатыр.

Бұдан бөлек Жомарт, Жыланды және Нұрқазған кеніштерінде жабдықты жаңарту бағдарламасы жүзеге асырылмақ. Бұл жобалардың негізгі мақсаты — өндірістік қуатты арттыру және өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін күшейту. 

Қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша компания концентраттағы және катодты мыс өндірісі бойынша жоспарлы көрсеткішті асыра орындады. Жекелеген өндірістік бөлімшелерде еңбек өнімінің деңгейі соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткішке жетті.

Сонымен қатар компания жұмыскерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған ауқымды бағдарламаны қолға алды. Қызметкерлерді тасымалдауға арналған 90 жаңа автобус жеткізілді. Киім ауыстыратын мен демалыс бөлмелері жаңартылып, денсаулық сақтау пункттері мен медициналық бөлімшелер заманауи құралдармен жабдықталуда.

Қазақмыс
Фото: Қазақмыс

Қызметкерлерді әлеуметтік қолдау бағдарламасы жүзеге асырылуда. Жұмысшыларға қызметтік пәтер беріліп, балалардың жазғы демалысы, қызметкерлерді шипажайда емдеу мүмкіндігі қарастырылған.

“Компания қауіпсіздікті арттыру, өндірісті жаңғырту және еңбек жағдайын жақсарту бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастырып жатыр. Сонымен қатар кәсіпорындардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және еңбек ұжымы алдындағы барлық міндеттемені орындау ерекше назарда”, – деді Руслан Өскенәлі.
Stan.kz
Дүйсенбі, 18 Мамыр, 2026 15:33