Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Олар отбасылық өмірімізге араласты": Атырауда әйелінің туыстарын өлтірді деп күдікке ілінген Сәрсемалиев қылмысты қалай жасағанын айтты

Сұлтан Сәрсемалиев қылмыс
Фото: Видеодан скрин

Атырау облысында әйелінің әке-шешесі мен бауырларын өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты сот процесі басталды. Күдікті қылмысты қалай жасағанын баянады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Жангелдин ауылындағы бүтін бір отбасын өлтірді деген күдікке ілінген 40 жастағы Сұлтан Сәрсемалиевтің ісін қарауды бастады. Сұлтан Сәрсемалиев әйелінің әке-шешесін және екі бауырын өлтірді деп айыпталып отыр.

Алғашқы сот отырысының өзінде-ақ зал марқұмдардың туыстары, журналистер және тыңдаушыларға лық толды. Істі судья Зарема Хамидуллина қарап жатыр. Ол Атырау облысы өңірінде ұзақ жылдар бойы ең күрделі әрі қоғам назарындағы қылмыстық істерді қараумен айналысып келеді.

Күзетші Сұлтан Сәрсемалиевті сот залына алып кірген кезде, журналистердің бірі оған “өз кінәңізді мойындайсыз ба және тағылған айыптармен келісесіз бе” деген сұрақ қойды. Алайда адвокаты Сұлтан Сәрсемалиевке өзінің жауап бермеуге құқылы екенін айтты.

Сәрсемалиев бұл сұраққа жауап бермеді. Сот процесі ашық режимде өтіп жатыр.

Сот отырысында прокурор Сұлтан Сәрсемалиевтің Ақбаян Мұқанғалиевамен қалай танысқанын айтып берді. Айыптау деректеріне сәйкес, олар 2016 жылы Атырау қаласында танысып, сол жылдың мамыр айында ресми түрде некесін тіркеген. Ерлі-зайыпты бес баланы дүниеге әкелген.

Кейін олардың арасында бірге тұруға қатысты келіспеушіліктер пайда болған. Әйелінің туыстары бөлек шығып, Ақбаян Мұқанғалиеваның отбасына жақын жерге қоныстануды ұсынған. Алайда Сәрсемалиев бұған келіспей, анасын тастамайтынын айтқан.

Осыдан кейін ерлі-зайыптының қарым-қатынасы ушығып, 2022 жылы ерлі-зайыпты сот арқылы ресми түрде ажырасқан. Балалар анасында қалған. Ақбаян Мұқанғалиева үш баласымен Атырау қаласының Нұрсая ықшамауданына көшіп барған.

2023 жылдың басында Сәрсемалиев отбасымен қарым-қатынасты қайта қалпына келтірмек болған. Ол Атырау қаласынан үй жалдап, бұрынғы жұбайы және балаларымен қайта бірге тұра бастаған.

Қылмыс қалай жасалды?

Прокурордың айтуынша, күдікті қылмыстың ізін жасыру үшін қораның ішінен тереңдігі шамамен 1 метр 30 сантиметр болатын шұңқыр қазып, онда мәйіттерді көміп, үстін линолеуммен жауып қойған. Осыдан кейін ол қылмыстық әрекеттерін одан әрі жалғастырған.

“Қарабалин қораға кірген кезде, Сәрсемалиев оны іште күтіп тұрып, жәбірленушінің арқа, кеуде және қол тұстарына бірнеше рет пышақ жарақатын салған. Ауыр жарақат салдарынан Қарабалин есін жимастан сол жерде көз жұмды", – деді прокурор сотта.

Тергеу нұсқасына сәйкес, Наурыз Мұқанғалиевті өлтіргеннен кейін айыпталушы қылмыс ізін жасыру үшін түнде үй ауласынан күрек алып, қоршаудың оңтүстік-батыс жағынан шұңқыр қазған. Түнгі сағат үш шамасында ол тереңдігі 1 метрден асатын, ені шамамен 80 сантиметр болатын шұңқыр қазған.

Содан кейін Сәрсемалиев марқұмның қалталарын тексеріп, жеке куәлік, "Қазпошта" банк картасы, шамамен 50 мың теңге тұратын Samsung A21 телефоны және 3 мың теңге қолма-қол ақша тапқан. Кейін ол мәйітті кілемге орап, алдын ала қазылған шұңқырға апарып көміп тастаған.

Прокурордың айтуынша, қылмыс жасау кезінде күдікті ет шабуға арналған пышақты пайдаланған. Тергеу деректеріне сәйкес, дәл осылай кейін Нәсіп Өтешқалиеваны да өлтірген.

Күдікті сотта әйелінің отбасы үнемі олардың отбасылық өміріне араласып, өзін тығырыққа тірегендіктен қылмысқа барғанын айтты.

"Мен соңына дейін отбасымды сақтап қалғым келді. Әйелімнің туыстарының әрекеттері мен сөздерінен кейін өзімді жоғалтып, осындай қадамға бардым", – деді ол.

Сондай-ақ Сұлтан Сәрсемалиев алқабилер сотынан бас тартатынын айтты.

Оқиғаның мән-жайы

2025 жылғы желтоқсанда полицияға 66 жастағы ер адам – Мақсот Қарабалин, 64 жастағы әйел – Насипа Өтешқалиева және олардың балалары – 32 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызының із-түссіз жоғалғаны туралы хабар түскен. Туыстарының айтуынша, отбасы мүшелері қараша айынан бері байланысқа шықпаған, олардың қайда екені белгісіз болған.

Төртеуі де хабар-ошарсыз кеткендер ретінде іздеуге жарияланды. Осы дерек бойынша соталды тергеу басталып, жедел-тергеу тобы құрылды.

“Былтыр желтоқсанның соңында Атырау қаласының тұрғыны полицияға ағасы мен оның отбасы ұзақ уақыт бойы байланысқа шықпай жатқанын айтып жүгінді. Жүргізілген жедел-тергеу шараларының нәтижесінде өлтірілген адамдардың мәйіттері әртүрлі жерлерге көмілген күйде табылды”, – деді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.

Биыл 6 қаңтарда тергеу әрекеттері барысында үйлердің бірінің шаруашылық құрылысынан Мақсот Қарабалин мен Насипа Өтешқалиева мәйіттері көмілген күйде табылды. Осыдан кейін іс кісі өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, жоғалған балаларды іздеу жалғасқан.

Қылмыс жасады деген күдікпен 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиевке – қаза тапқан отбасының бұрынғы күйеу баласына халықаралық іздеу жарияланды. Онымен бірге марқұмдардың кенже қызы да халықаралық іздеуге берілген. Бұған дейін ол күдіктімен некеде болған.

“Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Индонезия Республикасындағы әріптестерімен бірлесіп, аталған елдің аралдарының бірінде Атырау облысындағы резонанстық отбасы өліміне күдікті азаматты ұстады. Қазір ол Қазақстанға депортацияланып, уақытша ұстау изоляторына қамалды”, – деді Қанат Нұрмағамбетов.

Күдікті Индонезияда ұсталды. Онымен бірге отбасының кенже қызының да жүргені анықталған. Ұсталғаннан кейін ер адам кінәсін мойындап, тергеуге жауап берді. Оның жауабы бойынша, жедел-тергеу тобы қайта тергеу әрекеттерін жүргізіп, Атыраудағы үйдің ауласынан бұрын хабар-ошарсыз кеткен Мирамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевтің мәйіттерін тапты.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 18 Мамыр, 2026 12:34