Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда әлеуметтік нан құны бекітілді: Баға 2027 жылға дейін өзгермейді

Нан жұмыртқа тауық еті баға
Фото: magnific.com

Алматыда әлеуметтік нанның бағасы 150 теңге деңгейінде бекітілді. Нанның бағасы 2027 жылға дейін өзгермейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Алматы әкімдігі 2026 жылғы 18 мамырда әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы "Алматы" мен "Алматынан" нан-тоқаш комбинаты арасында әлеуметтік қалыптағы нан өндіру және сату бойынша қарыз шарты жасалғанын хабарлады. 

“Шарт аясында бірінші сортты бидай ұнынан жалпы саны 3 846 154 бөлке нан өндіру қарастырылған. Нанның зауыттан шығу бағасы 130 теңге, ал сауда үстемесі 15%-дан аспайды. Кейбір сауда желілері мен дүкендер нанды қосымша үстемесіз, яғни зауыттық бағамен сата алады. Әлеуметтік нан бағасын тұрақтандыру 2027 жылдың мамырына дейін қамтамасыз етіледі. Өнім ірі сауда желілерінде және үй жанындағы дүкендерде сатылады”, – делінген хабарламада.

Жұмыртқа бағасы

Сонымен қатар Алматыда әлеуметтік маңызы бар басқа да азық-түлік тауарларының бағасы да тұрақтандырылып жатыр. Мысалы, тауық еті, жұмыртқа және қант бағасын шектеу және тұрақты ұстап тұру үшін шаралар қабылданды.

"Сары-Бұлақ" құс фабрикасының бірінші санаттағы жұмыртқасы сауда желілеріне бір данасы 59 теңгеден аспайтын бағамен жеткізіледі. Оларды Magnum, Small, Metro, A-store желілерінен және "Алатау-құс" фирмалық дүкендерінен сатып алуға болады.

Тауық еті

Тауық етіне де тұрақты баға белгіленді. "Алатау-құс" фирмалық дүкендерінде сан еті мен жіліктелген санның келісі 1100 теңгеден, ал сирағы 1650 теңгеден сатылып жатыр.

“Nauryz Agro KZ” компаниясымен жасалған келісім аясында сан еті мен жіліктелген санның бағасы бір келісі үшін 1300 теңге деңгейінде тұрақтандырылды. Magnum Cash&Carry желісінде бұл өнімді келісіне 1495 теңгеден аспайтын бағамен сатып алуға болады.

Бұл тұрақты бағалар үш жылға дейін сақталады.

Бұған қоса, "Алматы" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы 4500 тонна қант сатып алды. Оның сату бағасын өндіруші бір келісі үшін 405 теңге деп белгілесе, ал сауда үстемесі 10%-дан аспайды.

Бұған дейін Үкімет басшысы базарлардағы азық-түлік бағасын реттеуді тапсырған еді. 

Бектенов Сауда министрлігіне көтерме-тарату инфрақұрылымын дамытуды тапсырды. Сонымен қатар заманауи сақтау қоймалары мен логистикалық қуаттарды құру жұмыстарын жандандыруды міндеттеді.

“Әсіресе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуін тежеу үшін тұрақты мониторинг жүргізіп, тиісті шараларды жалғастыру қажет”, – деді үкімет басшысы.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 18 Мамыр, 2026 10:27