Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Толықтығымның кесірінен махаббаттан жолым болмады": Айшолпан Байтүгел алғаш рет жеке өмірі туралы сыр шертті

Әлеуметтік желіде үш минутта бояну арқылы вайн түсіріп, танымал болған Айшолпан Байтүгел жеке өмірі туралы Асхат Садырбайға берген сұхбатында айтып берді.

Фото: Видеодан скриншот

Актриса толықтығының кесірінен өзін қатарластарынан кем санайтынын жасырмады.

“Бәрі маған толықсың деп айтады, мен тіпті бұдан қысыламын. Менің бойым – 1 метр 60 сантиметр, ал салмағым – 82 келі. Менің бойым мен салмағым сәйкес келмейді. Сондай-ақ маған қоғам тарапынан келетін хейттің барлығы осы толықтығыма қатысты. Мен сондықтан да әлеуметтік желілердегі парақшаларыма тамақтанып отырған сурет, видеоларымды жүктемеймін. Осы толықтығымның кесірінен махаббаттан да жолым болмаған. Сөйлесіп көрген жігіттерім болды. Бірақ 99%-ы бетімді қайтарды десем болады. Кәдімгідей кездесуге шығып келемін, ертесіне менің нөмірімді, әлеуметтік желілердегі парақшамды бұғаттап тастайтын. Мен бұл туралы қиналмай айта беремін. Білмеймін, сырт келбетім ұнамаған шығар. Бірнеше кездесуге шықтым, жақсы көрген адамдарға өзім бірінші болып айтқан кездерім де, олар менің бетімді қайтарған кездері де болды. Сондықтан мен бұл нәрсені қабылдадым, айта алдым, мойындадым. Негізі сол кезде ғана жеңіл болады екен. Осы себепті маған біреу өліп ғашық болды деп айта алмаймын”, – деп жан сырын ақтарды актриса. 



Сондай-ақ толықтығынан қысылып жүрсе де, адамдар бетіне баса беретінін де айтып қалды. 

“Неден қашсаң, сол нәрсеге тап боласың деген сөз рас. Толықтығым менің ішкі көңіл-күйіме де әсер етті. Тіпті адамдармен араласа алмай қалдым. ”Мұның себебі менің сол кездегі жандүниемнің күйінен деп ойлаймын. Кез келген ішкі дүние адамның айнасы деп жатады ғой. Мен өзім неден қысыламын, сол нәрсені маған бәрі көрсететін. Одан кейін бұл әрекеттерімнің дұрыс емес екенін түсіндім. Өзіммен жұмыс істеп, қатарластарыммен тең дәрежеде өмір сүру керегін түсіндім. Ал қазір менің ойым өзгерді. Өзімді жақсы көріп, сыйлаймын”, – деді блогер. 

Еске салайық, танымал әзілкеш Мереке Қалбаева артық салмақтан қалай арылғанын айтып берді.

Талқылау