Тоқаев пен Бердімұхамедов Ашхабадта Абай ескерткішін ашты
Қазақстан президенті мен Түрікменстан Халк маслахатының төрағасы Ашхабад төрінде ұлтымыздың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіштің ашылу рәсіміне қатысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ақорда
Ақорданың дерегінше, ең әуелі, Қасым-Жомарт Тоқаев Гурбангулы Бердімұхамедов пен түрікмен халқына Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдық мерейтойына орай арнайы шығарылған медальмен марапаттағаны үшін алғыс айтты. Сонымен қатар мұны екі ел арасындағы өзара сый-құрмет пен достықтың белгісі ретінде қабылдайтынын жеткізді.
Мемлекет басшысы салтанатты жиында сөйлеген сөзінде бұл ескерткіштің ашылуын түрікмен бауырлардың қазақ халқына айрықша құрметінің көрінісі деп санайтынын атап өтті.
"Абай – әлемдік ауқымдағы алып тұлға. Оның шығармалары бүкіл адамзаттың асыл мұрасына айналды. Жер жүзіндегі көптеген қалада хакім Абайдың ескерткіші бар. Ұлы ақын саналы ғұмырын ағарту ісіне арнады. Абай "Талап қыл артық білуге" деп, өнер-білім философиясын кеңінен насихаттады. Ол теңдессіз туындылары арқылы мызғымас құндылықтарды дәріптеді. Жұртты отаншылдыққа, білімпаздыққа, еңбекқорлыққа баулыды. Жақсылық пен парасаттылыққа үндеді. Ашхабадта Абай ескерткішінің ашылуы – бауырластығымызды нығайта түсетін бірегей бастама", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Фото: Ақорда
Президент биыл Астанада түрікмен халқының ұлы ойшылы Мақтымқұлы Пырағының ескерткіші ашылғанын еске салып, қазақ елі түркі жұртына ортақ тұлғаның шығармашылығына зор құрметпен қарайтынын жеткізді.
"Шын мәнінде, Абай мен Мақтымқұлы еңбектері – түркі дүниесінің құнды қазынасы. Оны сақтап, кейінгі ұрпаққа қалдыру – баршамызға ортақ міндет. Ұлы ақындарымыздың поэзиясында өзара сабақтастық мысалдары көп. Біз – түбі бір, тарихы ортақ, тілі мен мәдениеті ұқсас халықтармыз. Осы бауырластық елдеріміздің қарым-қатынасына арқау болып отыр. Қазір бұл байланыс стратегиялық серіктестік рухында дамып келе жатыр. Түрікменстанға бүгінгі ресми сапарым – соның айқын дәлелі. Абайдың ескерткіші қазақ-түрікмен достығының символына айналады деп сенемін", – деді президент.
Еске салайық, бұған дейін Абай облысында қызмет бабында қаза тапқан семейлік орманшылар мен өрт сөндірушілерге арналған ескерткіш ашылғанын жаздық. Ескерткіштің ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев, облыстық мәслихаттың төрағасы Қуаныш Сүлейменов, қайтыс болған орман шаруашылығы қызметкерлерінің туыстары, мемлекеттік органдардың өкілдері мен жергілікті жұрт қатысты. Сондай-ақ батырлардың құрметіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.