Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев "Кеңес дәуірінің белгілеріне" байланысты Қазақстанның елтаңбасын өзгертуді ұсынды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның елтаңбасын өзгертуді ұсынды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Атырауда өтіп жатқан үшінші ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде мемлекет басшысы елтаңбаға қатысты сыни пікірлер айтылып қалатынына тоқталған.

“Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек. Ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болады. Бұл комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді. Сосын Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады", – дейді президент.

Тоқаев қазақ халқының ұлттық бірегейлігі мемлекеттік рәміздерде айқын көрініс тапқанын баса айтады. Ол былтыр аймақтардың нышанын, яғни символикасын жүйелеп, бірыңғай стандартқа келтіру қажеттігін айтқанын атап өтеді. 



“Нышандардан сол өңірдің ерекшелігімен қатар, еліміздің болмыс-бітімі де байқалуға тиіс. Қазір осы бағытта нақты жұмыс жасалып жатыр. Бұған мамандар, сарапшылар және белсенді азаматтар атсалысуда. Сонымен қатар олар Мемлекеттік нышандарымызды түгел жаңғырту туралы пікір айтып жатқанын білемін.

Біздің Көк туымызда мін жоқ. Онда еліміздің бірегей болмысы нақты бейнеленген. Әнұранымыз да нағыз ұлттық рухты паш етеді. Қазақтың әнұраны әлемнің әр түкпірінде шырқалып жүр. Жаңа жылды жақындарымыздың ортасында әнұранмен қарсы алу жақсы дәстүрге айналды. Бір сөзбен айтсақ, әнұранымыздың сөзі де, әуені де халықтың жүрегіне әбден орныққан”, – дейді Тоқаев.

Бұған дейін президент еліміздегі қыз алып қашу оқиғаларын сынаған еді.

Талқылау