Тоқаев Каспий мен Арал теңізінің экологиялық мәселелерін шешу үшін бірігуге шақырды
6 шілдеде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әзірбайжанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы саммиттің "Көлік, коммуникация және климаттық әрекет арқылы тұрақты болашақты құру" тақырыбы барлық елдердің ортақ мүдделеріне сай келетінін айтты. Оның айтуынша, бүгінгі басқосу түркі халықтарының әл-ауқатын арттыру, дамудың жаңа бағыттарын айқындау, бауырластық байланыстарды нығайту және аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз ету сияқты негізгі басымдықтарды жүзеге асыруға бағытталған.
Тоқаев өз сөзінде, Каспий мен Арал теңіздерінің экологиялық проблемаларын шешу үшін күш біріктіру қажеттігін айтты.
"Каспий теңізінің логистикалық әлеуетін арттыру маңызды дедік. Бірақ ондағы экология мәселелерін назардан тыс қалдырмау қажет. Мысалы, өзекті түйткілдің бірі – теңіздің тартылуы. Оның қоршаған ортасын, флорасы мен фаунасын қорғау да – аса маңызды міндет. Каспийді құтқару үшін нақты шешімдерді пысықтау керек. Осы ретте, түркі елдері ғалымдарының ықпалдастығын жандандыратын кез келді. Сонымен қатар Арал теңізінің құрғап, шөлге айналуы – алаңдатарлық мәселе. Экологиялық апатқа ұшыраған аймақты оңалту керек. Бұған қоса, трансшекаралық өзендердің су қорын тиімді пайдалану қажет. Ол үшін су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану керек", – деді Тоқаев.
Соңында Тоқаев бүгінгі кездесу маңызды мәселелерді жан-жақты талқылауға мүмкіндік бергенін атап өтті. Оның пікірінше, мұндай кездесулер түркі әлемінің халықаралық деңгейде беделін арттыруға, бауырлас халықтар арасындағы байланысты нығайтуға зор үлес қосады.
Сондай-ақ президент жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету Қазақстанның сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның пікірінше, түркі халықтары әрқашан ынтымақты сақтауы керек.
Айта кетейік, бұған дейін 6 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысу үшін Әзірбайжанға жұмыс сапарымен барған еді.