Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев Иран президентінің қазасына қатысты көңіл айту жеделхатын жолдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Иран ислам республикасының президенті Ибрахим Раисидің қазасына қатысты көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Aqorda

Тоқаев Ибрахим Раиси мен үкіметтік делегация мүшелерінің Шығыс Әзірбайжан провинциясында тікұшақ апаты салдарынан қайтыс болуына байланысты Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан осы елдің Жоғары лидері Әли Хаменеи мен Бірінші Вице-Президенті Мохаммад Мохберге және барша иран халқына көңіл айтты.

“Тікұшақ апаты салдарынан Иран Ислам Республикасының президенті Ибрахим Раиси мен оның сенімді серіктерінің қайтыс болғаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабыл алдым. Ибрахим Раиси – Иран мемлекеті мен халқының әл-ауқатын арттыруға, мүддесінің мұқалмауына, аймақтағы тұрақтылықты сақтауға өз өмірін риясыз арнаған көрнекті мемлекет қайраткері. Оның қолға алған бастамалары мен жетістіктері халықаралық қауымдастық тарапынан жоғары бағаланғаны баршаға мәлім. Қазақстандықтар Ибрахим Раисиді парасатты басшы, халықаралық деңгейдегі беделді саясаткер, екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға зор еңбек сіңірген тұлға ретінде әрдайым есінде сақтайды. Марқұмдардың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын”, – деп жазылған жеделхатта.

Айта кетейік, бұған дейін Иран президенті Ибрахим Раисимен тікұшақ Әзірбайжан шекарасына жақын Верзеган қаласында апатты түрде қонған еді. Бортта президенттен бөлек, елдің Сыртқы істер министрлігінің басшысы да болған. 

Апатқа дейін Ибрахим Раиси Әзірбайжан басшысы Ильхам Әлиевпен Аракс өзенінің жағасындағы екі елдің шекара бекетінде кездескен. 

Ал дүйсенбіге қараған түні Иран президенті Ибрагим Раиси тауларда тікұшақ апатынан қаза тапқаны туралы хабарланды. 

Талқылау