Тоқаев екі түрлі вакцина салдырмақ: Мамандар бірнеше екпе алудың қаншалықты дұрыс екенін айтты
Қазақстандық мамандар коронавирусқа қарсы иммунитет қалыптастыру үшін бірнеше вакцина салдырудың қажеті жоқ екенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Sputnik V вакцинасын салдырды. Енді президент алдағы уақытта қазақстандық вакцинаны да салдыруды жоспарлап отырғанын жеткізген болатын. Осы мәселеге қатысты мамандар түсініктеме берді.
"Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми- практикалық орталығы" директорының орынбасары Манар Асырқызы коронавирустан қорғану үшін бірнеше вакцина салдырудың дұрыс емес екенін айтты. Оған қоса маман екі вакцина екі түрлі технология арқылы жасалатындығын алға тартты.
"Егер бір вакцинамен бастасаңыз, нұсқау бойынша сол вакцинаның екінші дозасын салу керек. Басқа вакцина салдырған дұрыс емес. Өйткені екі вакцина екі түрлі технологиямен жасалған. Бір вакцинаны күтпей, қол жетімді вакцинаны қолданған жөн", - дейді маман.
ҚР ДСМ-нің штаттан тыс инфекционист- дәрігері Көшерова Бақыт Нұрғалиқызы вакциналар әртүрлі болғанымен, барлығы антидене қалыптастыратынын айтты.
"Вакцинаның барлығы адамның бойында вирусқа қарсы антидене қалыптастыру үшін салынады. Бірнеше вакцина салдыру міндетті емес", - дейді Бақыт Көшерова.