Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Тоқаев букмекерлік туралы заңға қол қойды

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау, ойын бизнесі және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңына қол қойды. Бұл туралы Stan.kzақпарат агенттігі хабарлайды.

Заңмен "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекске, "Жарнама туралы", "Ойын бизнесі туралы", "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" заңдарға түзетулер енгізілді.

Түзетулердің бірінші блогы денсаулық сақтау саласындағы жекелеген мәселелерді шешуге бағытталған. Онкологиялық ауруларды ерте анықтауға арналған скринингтік зерттеулер кезінде амбулаториялық жағдайда берілетін мамандандырылған медициналық көмек аясындағы зерттеулер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен алынып, мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің тегін көлеміне енгізілген.

Бірқатар түзетулер мүгедектігі жоқ науқастарды есту аппараттарымен қамтамасыз етуді көздейді.

Екінші блокта букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары, сондай-ақ онлайн-платформалар арқылы жарнамалауға тыйым салынған. Сонымен қатар букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалау рұқсат етілген бұқаралық ақпарат құралдарының шеңбері тарылды, олар енді тек спорттық бағытта болуы керек”, – деп жазды Ақорда.



"Ойын бизнесі туралы" заңда бас бостандығын шектеу түріндегі жаза бойынша сотталған немесе шартты түрде сотталған адамдардың құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуына тыйым салу белгіленген.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев дене шынықтыру және спорт саласындағы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қол қойған еді. 

Айым Болатқызы
Жұма, 25 Сәуір, 2025 16:00
Талқылау