Тоқаев Бектеновқа тапсырма берді: Құлсарыда күштік құрылыммен бірлесіп, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге шақырды
Мемлекет басшысы 18 мамырда премьер-министрдің есебін тыңдап, әкімдіктер құқық қорғау органдарымен бірлесіп, заңға сәйкес қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуі керек екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Атырау облысы төтенше жағдай штабы
Ақорданың мәліметінше, премьер Олжас Бектенов президентке су тасқынының салдарын жою мен зардап шеккендерге көмек көрсету жұмыстары туралы есеп берген.
Ел президенті зардап шеккен тұрғындарды сапалы баспанамен қамтамасыз етуге, қалалар мен елді мекендердегі инфрақұрылымдарды жөндеуге және құрылыс жұмыстарына кірісуге қатысты тапсырма берді.
Сонымен қатар әкімдік жетекшілерін туындаған мәселелерді шешу және жұртшылықтың орынды талап-тілегін орындау жөніндегі мемлекеттік саясат пен қабылданып жатқан шараларды нақты түсіндіруге міндеттеді.
"Үкімет, әкімдіктер құқық қорғау органдарымен бірлесіп, заңға сәйкес қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуі керек", – деді Тоқаев.
Тоқаев Атырау облысында тасқыннан қатты зардап шеккен аумақтардың бірі Құлсары қаласында баспанасы табиғи апаттан қираған немесе бүлінген тұрғындар талап айтып жатқан шақта мәлімдеме жасады.
Айта кетейік, бірнеше күннен бері құлсарылықтар жергілікті әкімдік алдына жиналып, өтемақы талап етіп, түнде де сол жақтан кетпеді. Ашынған халық су тасқынынан құлаған үйлерінің әрбір шаршы метрі "400 мың теңгеден бағаланып, ақша қолға берілсін деп талап қойды.
Жергілікті билік үйдің әр шаршы метрі 200-240 мың теңгеден бағалаған. Ал тұрғындар бұған келіспей, Тоқаевқа үндеу жолдауға мәжбүр болған.
Еске салайық, бұған дейін Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов облыс орталығы Атыраудың өзінде салынып жатқан үйлердің өзі шаршы метрі 370-390-нан сатылып жатқанын алға тартқан. Ал тұрғындар 400 мың теңгеге моральдық та, материалдық та өтемақы кіріп тұрғанын айтады.