Тоқаев АҚШ-тың экс-президенті Трампқа жасалған қастандықты қатаң айыптады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трампқа жасалған қастандықты қатаң айыптайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ақорда
Сондай-ақ президент оның тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.
Тоқаевтан бөлек АҚШ-тың қазіргі президенті Джо Байден мен миллиардер Илон Маск та Трампқа қолдау білдірді.
Байден саясаткерге жасалған шабуылды қастандық деп есептейсіз бе деген сауалға жауап берді.
“Қосымша түсініктеме бермес бұрын бізде барлық фактілер бар екеніне көз жеткізгім келеді", – деді ол.
Байден Трамппен байланысуға тырысқанын, бірақ ол қазір дәрігерлермен бірге екенін айтты.
"Шамасы, оның жағдайы жақсы. Мен онымен жақын арада сөйлесуді жоспарлап отырмын", – деді Байден.
Ал Илон Маск президент Трампты қолдап, оның тез сауығып кететініне тілектестігін білдірді.
Айта кетейік, бұған дейін Пенсильвания штатында сайлауалды науқанда сөз сөйлеген АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың өміріне қастандық жасалған еді. Федералды тергеу бюросы хабарлаған 20 жастағы Томас Мэттью Крукс есімді күдікті науқан өткізілген аумақтан жүз метрдей жерде орналасқан үйдің шатырынан АР-15 жартылай автоматынан оқ атқан. Атыс нәтижесінде митингке келушілердің бірі қаза тауып, тағы екеуі жараланған.