"Орыс тілі Конституцияға сәйкес мемлекеттік тілмен тең қолданылады": Тоқаев тіл мәселесіне қатысты ұстанымын айтты
Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысының тұрғындарымен кездесуінде тіл мәселесіне қатысты өз ұстанымын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: akorda.kz
Президент халықты тіл мәселесі төңірегінде толерантты болуға шақырды.
"Тілдерге келсек, менің ұстанымымды жақсы білесіздер. Мамандығыма байланысты көптеген тілдерді оқыдым, шетелде жұмыс істедім. Конституциямызға сәйкес, мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Орыс тілі конституцияға сәйкес мемлекеттік тілмен тең қолданылады және ресми тілдің қызметін атқарады. Сондықтан бұл жерде ешқандай қайшылық жоқ. Қалай ыңғайлы болса, солай сөйлеу керек. Қазір жастар мемлекеттік тілді, орыс, ағылшын және тағы басқа тілдерді біледі. Бұл да жақсы. Тіл төңірегінде дауды қоздыру, әсіресе кейбір елдерде болғандай оған қарсы күресу – ақымақтық. Сондықтан сабырлы, толерантты, ақылды болайық. Халқымыз өте жақсы. Мен Қазақстан халқын мақтан тұтамын, біз әрқашан бірге боламыз деп ойлаймын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев Forbes тізіміне кіретін ірі кәсіпкерлер әр облысқа бекітіліп, көмек көрсететінін айтқан еді.