Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тіл көзден сақтайды": Жіп сатып жүрген Супермамасита қазақстандықтардың ашуын келтірді

Журналист Өркен Кенжебек желіде жұртқа қызыл жіп сатып, жақсылыққа кенелесіз деп жүрген белгілі блогер Әлия Байтұғаеваны сынға алды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Супермамасита" атымен танылған әйгілі блогер Әлия Байтұғаева қызыл жіп сатамын деп желіде көптің ашуын туғызды. Айтуынша, оның бала көтертіп, жол ашуға көмектесетін құны 4500 теңге болатын жібін 77 мың адам алуға ниет білдірген. 

"Қызыл жіпті ежелден тіл-көзден сақтау үшін таққан. Жіп оқытылған, қасиетті мекендерге барып бойына жақсы энергияларды жинаған. Бұл жіп сіздің өміріңізге жақсылық әкеліп, қуаныш сыйлайды. Қызметіңіз жоғарылап немесе бала көтеруіңіз мүмкін. Кеше осы жіпті 77 мың адам алғысы келетіндерін айтты", - деді Супермамасита.

Байтұғаеваның бұл әрекеті қоғамда қызу талқыға түсіп жатыр. Белгілі блогер Өркен Кенжебек қызыл жіпке сенім артып, одан медет сұрау санасыз адамның тірлігі дейді.

"Аюдың табаны, қасқырдың тырнағы, мысықтың тасағы, жасыл шұлық, сары банан, қызыл жіп немесе шүберек Құдайдың маңдайға жазып берген ешбір сынағынан құтқара алмайды. Бізге тиісті берілген ырзық-несібені көтере алмайды немесе ҰБТ-дан жоғары балл алып бермейді. Қызметімізді жоғарылатпайды және бала туғызып бермейді деген ақиқатты дипломы түгілі аттестаты жоқ қойшының өзі әлдеқашан түсініп қойған секілді көрінетін. Сөйтсем, өкінішке қарай, осыған сенетіндер көп екен", - деді Өркен Кенжебек.

Ол жіпті сатып алуға 77 мың адамның ниет білдіргенін қорқынышты жағдай екенін айтады. 

"Құдай сақтасын қасиетті Рамазан айында ешкімді кінәлағым, жамандағым, тіпті ешкімге ақыл үйреткім келмейді. Дегенмен, 7 миллиондай оқырманы бар әйгілі қазақ блогері, ана, әйел қателессе, о дүниеге сенсе де, сенбесе де өзі жауап берер. Бірақ оның артынан 77 мың адамның қателесуіне себеп болу... Өйткені осыншама адам жіптен медет сұрап, оны 4500 теңгеге сатып алуға дайын отыр. Бұл енді қоғамдағы рухани, имани ахуалымыздың қаншалықты дәрежеде екенін көрсетті. Қызыл жіп ешнәрсеге көмектеспейді. Адаспаңыздар!" - деді Өркен Кенжебек.

Талқылау