Тиімді бағадағы көлік: Түрмеде отырған алаяқтар халықты 2 миллиард теңгеге алдап кеткен
Түрмеде отырған алаяқтар халықты алдап, бір жылда екі миллиард теңге пайда тапқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Абақтыдағы Call-орталықтарда отырғандар сайттардағы хабарландырудан тапқан люкс машиналардың иеcімен келіссөз жүргізсе, қалған шаруаны бостандықтағы көмекшілері реттеген.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ішкі істер министрлігі мен прокуратура бірлесіп арнайы операция ұйымдастырды. Тінту кезінде ақша, банк карталары, діни әдебиетпен қоса, есеп-қисап жүргізген журналдарына дейін табылған.
Түрмедегі алаяқтар бір жылда екі миллиард теңгені қалтасына басқан. Қылмыстық топ сақтық шараларын мейлінше қолға алған. Құжаттарынан қате таппайтындай, мінсіз логистикалық компания ашады, арнайы мобилограф жалдап сайттың жарнамасын сайлап қояды.
Тек содан кейін ғана халыққа көлікті тиімді бағамен "кез келген қаладан тасымалдап береміз" деп уәдені үйіп-төгеді. Құрығына тек қымбат машина иелерін түсіруге тырысқан. Сөйтіп "басқа қалаға жөнелттім" деген көлігі, тілдескен адамы ақшамен қоса жоқ болып кеткен.
Ұрланған көліктердің вин-коды бірден өзгертіліп, шетелге сатылып отырған. Қылмыстық топ еліміздің бірден тоғыз өңірінде айласын іске асырып отырыпты. Ал бәрін басқарып отырғандар Алматы облысындағы түрмеде жазасын өтеп жатқан сотталушылар екен. Олардың шоттарына күн сайын қомақты сома түсіп отырған.
Құқық қорғау органдары қылмыстық топтың мүшелерін қолға түсірді. Елуден астам қылмыскер түскен ақшаны құмар ойындарына салған. Абақтыдағы камераларды тексеру кезінде топ басшыларынан діни кітаптар мен мыңдаған банк картасы табылған. Ұсталғандардың басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.