"Тереза ана сияқты бәріне көмектеседі": Айсәуле Бақытбек анасының ел білмейтін қырын ашты
Айсәуле Бақытбек анасының өсиеті, берген тәрбиесі жайлы сыр шетті. Ол сырт көзге қатал көрінетін Баян Алагөзованың шынайы бет-бейнесін ашты, деп хабарлайды Stan.kz.
Айсәуленің айтуынша, баланы сөзбен тәрбиелегеннен нәтиже аз. Ең дұрысы – іспен үлгі болу дейді бойжеткен.
"Ол ұстаныммен өзіңіз өмір сүрмесеңіз, балаңызға не айтатыныңыз маңызды емес. Ол бәрібір де балалық шағында көріп өскенін және үйде қалыпты саналған дүниелерді жасайды.
Менің анам өте шыншыл, жанашыр (сырт көзге олай көрінбейтін шығар, шын мәнінде, анам "Тереза ана" сияқты, қолынан келсе бәріне көмектесуге дайын), мейірімді, өнегелі, қызғаныш, реніш, жек көрушілік деген сияқты сезімдерден бойы жат. Бойымда қалыптасқан көптеген қасиеттерім анама ұқсайтынын ойласам, қуанамын.
Үйде бір-бірімізбен қарым-қатынасымыз ашық, демократиялы және жақын. Дәстүрлі қазақ отбасы үшін менің анаммен, сіңліммен, апаммен, әпкеммен ара-қатынасым біртүрлі көрінуі мүмкін. Өйткені біз емін-еркін қалжыңдасып, әлемдегі кез келген тақырыпты еркін қозғай аламыз. Менің балаларымда солай болса деп армандаймын", – деді Айсәуле.
Бұл орайда Айсәуле 5 жасында басынан өткен хикаясымен бөлісті. Анасының бір ауыз сөзінен кейін, ол адамдарды жек көруге болмайтынын түсінгенін айтты.
"Анаммен болған диалог:
- Мен оны жек көремін.
- Олай деме, қызым. Жек көрушілік адамды іштен өлтіреді.
Ол кезде жасым 5-те еді. Осы бір ауыз сөзден алған әсер мәңгіге қалды. Ол сөзді қолданбаймын, "іштен өлмес үшін" ешкімді жек көрмеуге тырысамын", – деді Айсәуле.