Қазақстандық әйел дәрігерлерді жүктілігін анықтай алмай, жатыр түтігін жарып алды деп айыптады
Қызылорда облысы Арал ауданында 24 жастағы Ақерке Баймұратқызы жатырдан тыс жүктіліктің дер кезінде анықталмағанын айтып, дәрігерлерге шағымданды. Оның айтуынша, бірнеше рет УДЗ жасалғанымен, кейін жатыр түтігі жарылып, операция кезінде түтік алып тасталған. Бұл туралы Stan.kz толығырақ өңірдегі денсаулық басқармасынан түсініктеме сұрады.
"Денем сіресіп, қозғала алмай қалдым"
Арал тұрғыны дәрігерлердің жүктілігін дұрыс анықтамағанын айтып, шағымданды. Оның сөзінше, бірнеше рет ауруханаға жүгінгенімен, нақты диагноз қойылмаған.
"Тест арқылы жүкті екенімді білдім. Бірақ қайта-қайта ішім ауырып, жүктілікті тоқтату қаупі болды. Жедел жәрдеммен ауруханаға бардым. УДЗ-ні Ақнұр Рысбаева жасады. "Ешнәрсе көрінбей тұр, ештеңе істей алмаймын" деді де, мені қайта жіберді. Содан 3-4 күннен кейін қайта ауырып, ауруханаға бардым. Данияр Маханов УДЗ жасады. Ол нақты білмей тұрып, Ақнұрмен бейнеқоңырау арқылы сөйлесіп, маған "түсік тастағансың" деді", – дейді аралдық Ақерке Баймұратқызы.
Бұдан кейін әйел қатты күйзеліске түсіп, жылап үйіне кеткен. Кейін әйел жеке клиникаға барып, тексеруден өткен. Оның айтуынша, сол жерде жатырда тін қалдығы бар екені анықталған. Осы қорытындымен ол қайтадан ауруханаға жүгінген.
"Аман-Есен клиникасына барсам, олар "жатырда қалдық бар" деп шығарды. Сол қорытынды қағазымен Байтұрсыновқа бардым. Өзімнің гинекологым еңбек демалысына шығып кеткен екен. Оның орнына Мөлдір Имжанова қағазымды қарамай, "Аман-Есенге сенбейміз" деп, маған жүйе қойып береді. Сол емді 2-3 күн алдым. Бірақ қайтадан ауырып, ауруханаға бардым. Ақнұр тағы да УДЗ жасады", – дейді Ақерке Баймұратқызы.
Әйелдің айтуынша, кейін оған "анэмбриония" деген диагноз қойылып, түсік түсіруге арналған дәрі берілген. Айта кетейік, анэмбриония – жүктілік кезінде ұрық қабы қалыптасып, бірақ оның ішінде эмбрион дамымай қалған жағдай.
"Маған дәрігер жүктісің, анэмбриония, 6 апта" деді. Солай ауруханаға жатқызылып, түсік түсіретін дәрі берді. 3-4 күн өтсе де, дәрі әсер етпеді. Қазиев Ақтан дәрігер мен Руслан оған мән бермеді. Тағы да УДЗ жасады. "Іші таза, тек ұйыған қан бар" деді де, ем жазып берді. Ауруханада тағы екі күн ем алдым. Жалпы 8 күн жаттым. Бірінші күні УДЗ жасап, "бәрі таза" деп ауруханадан шығарды. Сол күні кешке денем сіресіп, ұстама болып, қозғала алмай қалдым. Қайтадан жедел жәрдем шақырып, ауруханаға бардым", – деп түсіндірді Ақерке Баймұратқызы.
"Жатырымды сақтап қалуға болар еді"
Кейін әйел басқа ауруханаға барған. Сол жерде жатыр түтігінің жарылғаны анықталып, шұғыл ота жасалған.
"Ақтан есімді дәрігер қарап, “Но-шпа” беріп, таңға дейін жатқызып қойды. Мен қиналып, ішім қатты ауырып жаттым. Таңертең Ақнұр Рысбаева УДЗ жасағанда, "Кеше ғана тап-таза еді ғой, қазір іште бос сұйықтық бар" деді. Содан дәрігер Ақтан "ішіңді кесіп қарауға біздің құқығымыз бар" деді. Менің көңілім әбден қалды. Сендер мені 5-6 рет УДЗ-ге түсіріп, нақты не болғанын анықтай алмадыңдар. Мен “сендерге енді сенбеймін” деп, қалаға кетіп, қалалық ауруханаға бардым. Сол жерде менің сол жақ жатыр түтігімнің жарылып кеткені анықталды. Соның салдарынан ауыр операция жасап, жатыр түтігімді алып тастады", – дейді жәбірленуші Ақерке Баймұратқызы.
Ақеркеге дәрігерлердің айтуынша, бастапқыда жатырдан тыс жүктілік болған, ұрық жатыр түтігінде орналасқан. Ол өсіп-өсіп, түтікті жарып жіберген.
"Егер мұны ертерек білгенімде, вакуумдық әдіс жасап, жатыр түтігімді сақтап қалуға болар еді. Менің бір балам бар. Қазір ол 1 жас 3 айлық. Өзім небәрі 24 жастамын. Дәрігерлер "ішіңде бала жоқ" дегеннен кейін, "онда жүктілік қай жерде болуы мүмкін?" деп ойлануы керек еді. Бір-біріне сілтеп, ешкім жауапкершілікті мойнына алмай отыр. Менің денсаулығым сендер үшін ойыншық болғаны ма? Бұлардың салғырттығына кім жауап береді?" – деп шағымданды Ақерке Баймұратқызы.
"Клиникалық жағдайға талдау жүргізілген"
Осы мәселеге байланысты редакция тілшісі Қызылорда облыстық денсаулық басқармасына сауал жіберді.
Денсаулық сақтау басқармасы науқастың жағдайы бойынша өтініштер түскенін растады. Қазір көрсетілген медициналық көмектің сапасына қатысты мән-жайлар қаралып, клиникалық жағдайға талдау жүргізілген.
"Медициналық көмектің сапасын одан әрі жетілдіруге бағытталған түзету және ұйымдастырушылық шаралар қабылданып жатыр. Тексерудің қорытындысы шыққаннан кейін тиісті шаралар қаралады", – делінген басқарма жауабында.
Пациенттің туыстарымен де кездесу өтіп, мәселе талқыланған.
Қазақстандық әйел дәрігерлерді жүктілігін анықтай алмай, жатыр түтігін жарып алды деп айыптады