Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Теңгенің рубльге қатысты бағамы бұрынғыдай болмайды: Ұлттық банк себебін түсіндірді

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова қазіргі жағдайда теңгенің рубльге қатысты бағамы не себепті бұрынғы деңгейде қалмайтынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Оның айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасындағы тығыз сауда байланыстарына қарамастан, қазіргі жағдайда екі елдің валютасына бірдей салмақ түскен жоқ. Ресей рублі қиын жағдайға тап болды. Ал теңгеге ондай қысым жасалмады. Сол себепті теңге мен рубльдің бұрынғы бағамы негізсіз.

"Біз Ресей Федерациясының валюта нарығындағы құбылмалылықтың біздегі валюта нарығына қарағанда бірнеше есе жоғары екенін көріп отырмыз. Оны рубль құнының төмендеуінен анық байқауға болады. Ал бір рубль үшін 5-6 теңге аралығында бұрыннан қалыптасқан теңге/рубльдің тарихи бағамы жаңа шынайылықты көрсетпейді және елеулі өзгерістерге ұшырауы мүмкін. Осыған байланысты теңгенің рубльге қатысты қандай да бір тарихи бағамына бет түзеу негізсіз", – дейді Молдабекова.

Төраға орынбасары қазіргі жағдайда теңгенің серпіні рубльдің жай-күйіне байланысты болмайтынын ерекше атап өтті. Сол себепті халық орынсыз дүрбелеңге салынбауы қажет.

"Нарықтағы белгісіздік жағдайында орынсыз үрейленбеуге және шетел валютасын сатып алуда саралы шешім қабылдауға кеңес береміз. Ұлттық банк нақты уақыт режимінде әлемдегі жағдайды қадағалап отырады және жағымсыз сценарийлер іске асырылған жағдайда ішкі қаржы нарығындағы тұрақсыздықтың алдын алу үшін барлық қажетті құралдарға ие болып қалады", - деп атап өтті Молдабекова.

Ұлттық банк бұрынғыдай сыртқы нарықтардағы ахуалға тұрақты мониторинг жүргізіп, Ресейге қарсы жаңа санкциялардың Қазақстанның қаржы жүйесіне әсер ету дәрежесін бағалайды. Қажет болған жағдайда валюталық интервенциялар жүргізуге бағытталған шараларды жүзеге асыруға дайын.

Талқылау