"Тек "РФ" сөзін "ҚР" деп ауыстырады": Қазақстандық шенеуніктер ресейлік саясаткерлердің бастамаларын көшіріп жүр
Қазақстандық шенеуніктер ресейлік саясаткерлердің бастамаларын көшіріп жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Desht сарапшыларына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: gov.kz
Desht сарапшыларының пікірінше, Ресей билігі соңғы онжылдықта экономикалық саясатта "қате бұрылыс" жасады: фаворитизм, мемлекеттік капитализм, бюрократия және шектен тыс реттеу күшейген.
"Ал қазақстандық бюрократия мұның барлығын көшіреді. Импортты алмастыру, "қарапайым заттардың экономикасы" және "ұлттық жобалардан" кішігірім бастамаларға дейін. Кейбір мемлекеттік құжаттарда олар ресейлік стратегиялардың мәтінін толығымен көшіріп қоя салады. Тек қана "РФ" сөзін "ҚР" деп ауыстырады”, – дейді сарапшылар.
Мысал ретінде сарапшылар біздің Еңбек министрлігі мен салық органдарының курьерлер мен такси жүргізушілерінің табысын заңдастыру жөніндегі соңғы ұсыныстары мен Ресей шенеуніктерінің бес ай бұрын жарияланған осыған ұқсас ұсыныстарын салыстырып көрсеткен.
"Бір ерекшелік, Ресейде қолма-қол ақшаға төлемдерді бекіту мәселесі әлі де бар. Ал Қазақстанда финтех индустриясындағы дамудың арқасында бұл мәселе жоқ. Әйтпесе, ұсыныстар бірдей. Екі жақта да сандық платформалардан "әлеуметтік сақтандыруды” талап етеді. Сонымен қатар, екі жақта да "Цифрлық платформалар тізілімін" жасамақшы. Бәрі ұқсас", – дейді сарапшылар.
Сарапшылар шенеуніктерді қазақстандық шындыққа негізделген тәуелсіз экономикалық саясат қалыптастыруға шақырды.