Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Таза дүйсенбі": "Жасыл ел" жасақтары Астанадағы бас мешіт аумағын тазалады

Бүгін қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен "Жасыл ел" жастар еңбек жасақтары кезекті "Таза дүйсенбі" акциясын өткізді, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Аталған іс-шараны "Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі" ауқымды экоакциясы аясында "Республикалық студенттік құрылыс және жастар жасақтары қозғалысы" қоғамдық қоры ұйымдастырды.

170-тен аса жас Республикалық бас мешіт аумағында тазалық жұмыстарын атқарды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияның мақсаты – қаланың экологиялық жағдайын жақсарту және тазалықты сақтау.

"Жасыл ел" бағдарламасын іске асыру – мемлекеттік жастар саясатының негізгі басым бағыттарының бірі.

"Бұл елде көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарын жүргізу арқылы студент жастарды еңбекпен қамтамасыз ету, көпшілік арасында экологиялық тәрбиені насихаттау, өскелең ұрпақтың өзінің жеріне, еліне деген сүйіспеншілігін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылуда. Сондай-ақ бүгінгі іс-шара барысында "Өндіріс" тұрғын алабының айналасын тазарту жұмыстары жүргізілді. Экологиялық сана мен мәдениетті қалыптастыруымыз керек. Оны әркім өзінен бастағаны жөн", - деді "Республикалық студенттік құрылыс және еңбек жасақтары қозғалысы" қоғамдық қорының төрағасы Марат Мұхамеджанов.

Айта кетейік, биыл "Жасыл ел" еңбек жасақтарының XX еңбек маусымы басталды. Жоба аясында елорда бойынша 4 200-ден астам 14 пен 35 жас аралығында жастар жұмыспен қамтамасыз етіледі. Олар қаламыздың құрылыс нысанындарына, қала маңындағы "жасыл белдеуде", әлеуметтік нысандарды, жалпы білім беретін мекемелер аумағында, қала саябақтарына, көгалдандыру жұмыстарына атсалысады.

Талқылау