Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Таяу Шығыстағы шиеленіс: Қазақстандық әуекомпанияларға Иранның әуе кеңістігін айналып ұшуға кеңес берілді

Азаматтық авиация комитеті Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне қатысты мәлімдеме айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pixabay.com

"Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты қазақстандық авиакомпанияларға Иранның әуе кеңістігін айналып өтуге немесе баламалы бағыттарды таңдауға, сондай-ақ тиісті өңірде ұшу бойынша бұрын жолданған нұсқаулар мен ұсынымдарды басшылыққа алуға ұсынылады", – делінген комитет хабарламасында.

Air Astana да қақтығысқа байланысты үндеу жариялады.

"Астана мен Алматыдан Дубайға рейстердің бағыттары өзгертіліп, ұшу уақыты ұзарады. Жиддаға рейстер өзгеріссіз орындалады, бірақ өңірдегі әскери әрекеттер күшейген жағдайда қайта қаралатын болады. Қажет болған жағдайда әуекомпания ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қосымша өзгерістер енгізетін болады", – деді компания.

Businessinsider.com басылымының мәліметінше, Иран, Израиль, Иордания, Ирак және басқа да аймақ елдері үстіндегі ұшулар тоқтатылды. Бұл әуе компанияларын дереу әрекет етіп, рейстерінің бағыттарын өзгертуге тұра келді.

Әуеде жүрген кейбір ұшақтар кері қайтуға немесе жабық аймақтардан қашу үшін бағытын өзгертуге мәжбүр болды. FlightRadar24 деректері бойынша, Lufthansa әуе компаниясының Үндістан мен Дубайға бағыт алған кем дегенде үш рейсі Иранның әуе кеңістігін кесіп өтпей тұрып, Еуропаға қайтарылған. Бұл ұшу уақытын сегіз сағатқа дейін ұзартты.

Цюрихтен Дубайға бағыт алған Swiss әуе компаниясының рейсі бағытын өзгертіп, Иран әуе кеңістігін кесіп өтпестен бұрын Түркияның Анталья қаласына қонды. 

Бұдан бөлек, Emirates әуе компаниясының бірнеше рейстері қайта бағытталды немесе тоқтатылды. Emirates өкілі жағдайды жіті бақылап отырғандарын және жолаушыларға қолайсыздықты барынша азайту үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатқанын атап өтті.

Басқа әуе компаниялары да өз бағыттарын өзгертуге мәжбүр болды, өйткені Еуропа, Таяу Шығыс және Азия арасындағы қолжетімді әуе дәліздері шектеулі болып қалды. Мысалы, British Airways әуе компаниясының Лондоннан Дубайға ұшағы және израильдік El Al әуе компаниясының Грекиядан Тель-Авивке рейсі Кипрдегі Ларнака қаласына бағытталды. British Airways компаниясы жолаушылардың қауіпсіздігі мен қорғанысы әрқашан басты басымдық екенін айтты.

Кейінірек кейбір шектеулер алынып, Иордания мен Ирак өздерінің әуе кеңістігін қайта ашты, алайда аймақ арқылы ұшатын рейстердің саны әлі де аз. Әуе кеңістігінің жабылуы ұшу уақытын айтарлықтай ұлғайтуы мүмкін, бұл 2022 жылы Ресей әуе кеңістігінің жабылуынан кейін әуе компанияларының бағыттарына сағаттар қосуға мәжбүр болған жағдайға ұқсас.

Еске салайық, бұған дейін Иран Израильге 400-ге жуық зымыран ұшырғанын жаздық. Бейресми деректерге қарағанда, кейбір зымырандар діттеген жеріне жетуі мүмкін. Атыс жалғасып жатыр. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Израильге баллистикалық зымыранмен шабуыл жасаған Иран "үлкен қате жасады және оның құнын өтейді" деген мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Израиль мен Американың әуе қорғаныс жүйелері Ираннан ұшырылған зымырандарға қарсы тиімді жұмыс істеген.

Талқылау