Таулы Қарабақ республика ретінде ресми түрде жойылады
Ресми мойындалмаған Таулы Қарабақ Республикасының басшысы Самвел Шахраманян 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттің ресми түрде жойылатыны туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ozodlik.org сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: stranabolgariya.ru
Жарлыққа сәйкес, осы күнге дейін "олардың ведомстволық бағынысындағы барлық мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар таратылып, Таулы Қарабақ (Арцах) Республикасы өз қызметін тоқтатады".
Жарлықта Таулы Қарабақ тұрғындарына "аймақта қалу-қалмау туралы шешім қабылдау үшін Әзірбайжанның реинтеграциясының шарттарымен танысу" ұсынылды.
Армения үкіметінің мәліметінше, 28 қыркүйек күні таңертең Таулы Қарабақтан Арменияға 65 мыңнан астам адам кеткен. Бұл танылмаған республика халқының жартысына жуығын құрайды.
"Таулы Қарабақ Республикасының мемлекет ретінде қызметін тоқтату туралы шешім "Таулы Қарабақ халқының физикалық қауіпсіздігі мен өмірлік маңызды мүдделерін қамтамасыз ету басымдылығына негізделген қазіргі күрделі әскери-саяси жағдайға байланысты қабылданды. Таулы Қарабақ тұрғындарының, соның ішінде қаруын тастаған әскери қызметкерлердің көліктері және мүліктерімен Лачин дәлізімен еркін, ерікті және кедергісіз өтуі қамтамасыз етілді. Мұндай келісімге ресейлік бітімгершілік күштері мен Әзірбайжан өкілдерінің арағайындығы арқылы қол жеткізілді", – делінген жарлықта.
Айта кетейік, өзін-өзі республика жариялаған Таулы Қарабақта армян билігі 30 жылдан астам уақыт бойы өмір сүрген. Армения президенті Никол Пашинян Таулы Қарабақтан босқындарды қабылдауға дайын екенін мәлімдеді. Армения билігінің Әзірбайжан шартымен бітімге келуінен туындаған наразылықтар Арменияда бір аптадан астам уақыт бойы жалғасуда.