Тәуекел: Талғат Теменов маған "сен сауатсыз актерсің, бұл саладан кет" деді
Тәуекел Мүсілім өнер жолын модель актері болып бастады. Сахнада бағын сынаған соң өнер әлеміне келді. Кино саласы қызықтыра бастаған соң бірнеше фильмде басты рөлді сомдады. Актер өзінің киноға келуі оңай болмағанын айтады.
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "ER-BATYR" жобасына сілтеме жасап хабарлайды.
"Мен алғашқыда модель актері ретінде кастингтерге қатыстым. Бірнеше кастингте болдым. Кейін сахнаға шығып жүрдім. Ең алғаш подиумға шыққан сәтімді ешқашан ұмытпаймын. Сахнаға шыға сала жарықтарға, мыңдаған көрерменге көзім үйренбей, ұялып қалған едім. Бір-екі секунд тұрып қалдым да, өзімді қайрай бастадым. Соңына дейін баруым керек деп өзімді қажадым. Ақыры ұяла-қызара сахнаға шықтым. Осылай менің модельдік мансабым басталды. Кейін кино саласы қызықтыра бастады. Бірақ мен көңіл-күйдің адамы емеспін. Біреумен ұрысу, төбелесу маған жат. Мен өзім қаламай тұрсам да, өзгенің көңіліне қарап тұрамын. Табиғатым сондай. Сондықтан рольдерде ұрысатын, айқайласатын эпизодтар маған өте қиынға соғады", - деді Тәуекел.
Әкесі туралы айтқан Тәуекел Мүсілім еңкілдеп жылап қалды
Актер өзіне сын айтқан адамдар болғанын жасырмайды. Белгілі режиссер Талғат Теменов Тәуекелдің рөліне көңілі толмай, ренішін айтқан екен.
"Бірде түсірілім алаңында жүрміз. Талғат Теменов ағамыз менің роль сомдағанымды қарап тұрды. Соңына дейін тыңдаған да жоқ. Сен ешқашан актер бола алмайсың. Бұл саладан кет. Сауатсыз актерсің" деді бәрінің көзінше. Мен ол кезде үндеген жоқпын. Бірақ сынған жоқпын. Егер бұрынғы ұялшақ, тұйық бала болсам, мүмкін содан кейін киноға жоламас па едім. Бірақ мен әрі қарай жалғастыра бердім", - деді ол.