Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тасқыннан зардап шеккендерге апта соңына дейін жәрдемақы төленеді – Қазақстан үкіметі

Қазақстан үкіметі тасқыннан зардап шеккендерге апта соңына дейін жәрдемақы төленеді деп мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото видеодан жасалған скрин

Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектеновтің су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға келтірілген залалды өтеу мәселесі бойынша кеңесінде айтылған.

Ресми ақпаратқа қарағанда, бүгінде зардап шеккен 3 561 отбасына жоғалған мүлкі үшін 100 АЕК мөлшерінде біржолғы өтемақы түрінде шамамен 1 млрд теңге төленген.

“Зардап шеккендерге өтемақы төлеу процесі осы апта соңына дейін аяқталады”, – делінген ақпаратта.

Баспанасынан айырылған тұрғындар жаңа үй салуды немесе нарықтан дайын баспана алуды өзі шешеді. Саяжай бойынша, егер ол зардап шеккен адамның жалғыз үйі болса, оларға да осындай әдіс қолданылады.



"Павлодар облысында демеушілермен бірге 119 үй бойынша залал өтеліп, тұруға жарамсыз 5 үйдің құрылысы басталды. Қостанай облысында зардап шеккендерге 27 пәтер сатып алынды, 1600 отбасыға әлеуметтік көмек төленді. Ақтөбе облысында 44 отбасыға 94,3 млн теңге көлемінде материалдық шығын төленді, жаңа 57 үйдің құрылысы басталды", – делінген үкімет хабарламасында. 

Қазір зардап шеккен тұрғын үйлерге келтірілген залалды бағалау жұмыстары жалғасып жатқаны айтылады.

Айта кетейік, кейінгі мәліметтер бойынша Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 5,8 мыңнан астам жеке тұрғын үй және 1350 аула әлі су астында қалып отыр. 9,8 млн текше метр су сорылған. Су тасқыны аймақтарынан 116 мың эвакуацияланған.

Бұған дейін оралдық белсенді су тасқынынан зардап шеккендерге көмекті әкімдік арқылы жібермеуді сұраған еді. 

Талқылау