Таразда жүргізуші куәлігін сатқан 7 адам сотталды
Таразда жүргізуші куәлігін сатқан 7 адам сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: gov.kz
Бас прокуратураның мәліметінше, 2023 жылдың қыркүйегінде полиция қызметкерлері Тараз қалалық мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында (МХҚКО) жүргізуші куәлігін заңсыз сатқан адамдар тобын әшкерелеген.
МХҚКО-ның 2 қызметкері, 1 программист маман, 4 делдал алдын ала сөз байласу арқылы Жамбыл, Түркістан және Алматы облысының 21 тұрғынына заңсыз жүргізуші куәліктерін сатқыны анықталды.
"Мың доллар сұрайтындар бар": Елімізде жүргізуші куәлігін алу үшін пара беретіндер саны 10 есе өскен
“Тараз қалалық МХҚКО-ның қызметкері өзінің сыбайласы болып табылатын Алматы қалалық МХҚКО-ның программист-маманы арқылы Түркістан облысының тұрғынын практикалық емтихан тапсырмағанына қарамастан, емтиханнан сәтті өткенін ақпараттық жүйемен растаған. Ал ақша қаражаттары емтихан тапсырушылардан 100 мыңнан 200 мың теңгеге дейінгі көлемде түрлі облыстардың делдардары арқылы Тараз қалалық МХҚКО-ның қызметкеріне жиналып, араларында өзара бөлінген”, – делінген сот хабарламасында.
Сот үкімімен кінәлі тұлғаларға 3,6 жылмен 4,6 жыл аралығында шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда жүргізуші куәлігін беруді қатаңдату ұсынылған еді.