Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Таразда сот орындаушы борышкерлердің қаражатын жеке пайдасына жұмсаған

Жеке сот орындаушы
Фото: zhso.kz

Таразда жеке сот орындаушысы борышкерлерден түскен қаражатты жымқырғаны үшін сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тараз қалалық №2 сотының мәліметінше, С есімді жеке сот орындаушысы борышкерлерден түскен қаражаттың бір бөлігін иемденіп, оны жеке мақсатта пайдаланған. Үш жәбірленушіге келтірілген залалдың жалпы сомасы 1 миллион теңгеден асқан.

Айыпталушының кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен, заттай дәлелдемелермен және істің басқа да материалдарымен дәлелденді.

Айыпталушы да өз кінәсін мойындап, залалдың толық өтелгенін мәлімдеп, өзіне жеңіл жаза тағайындауды сұрады. Жәбірленушілер келтірілген залалдың толық өтелуін ескере отырып, айыпталушыға жеңіл жаза тағайындауды сұрады.

Сотта прокурор рақымшылық жасау туралы заңды қолдана отырып, сотталушыға 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындауды талап етті.

“Сот үкімімен С кінәлі деп танылып, оған 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Рақымшылық жасау туралы Заңды қолдана отырып, сотталушы бас бостандығын шектеу түріндегі негізгі жазаны өтеуден босатылады”, – делінген сот хабарламасында. 

Үкім заңды күшіне енді.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда жеке сот орындаушысы алимент өндіру кезінде 4,2 миллион теңге жымқырғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 29 Шілде, 2026 20:16